Home Кәсіби маман Депутат цифрлық контенттің шынайылығын тексеру жүйесін енгізуді ұсынды

Депутат цифрлық контенттің шынайылығын тексеру жүйесін енгізуді ұсынды

8

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясының мүшесі Сергей Пономарёв азаматтарды жасанды интеллект технологиялары мен дипфейктерден қорғау мақсатында кешенді шаралар қабылдауды үкіметке ұсынды.

Өз үндеуін депутат Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жанат Мадиевке, сондай-ақ ішкі істер министрі Ерлан Саденовқа жолдады.

Пономарёвтің айтуынша, цифрландыру қазіргі Қазақстанның негізгі бағыттарының бірі болып отыр, алайда технологиялардың тез дамуы жаңа қауіптерді де туындатуда. Солардың бірі – жасанды интеллект көмегімен шынайы адамдардың бейнелерін, видеоларын және аудиожазбаларын жасанды түрде жасап, оларды жалған мақсаттарға пайдалану.

«Мен өзім осындай технологияның құрбаны болдым. Суретім мен дауысым толықтай жасанды жолмен өзгертіліп, менің атымнан ақша сұраған роликте қолданылды. Тіпті жақындарым да бірден оның жалған екенін байқамады», – деп өз тәжірибесімен бөлісті. Ол мұндай жағдайлардың жиілеп, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отырғанын атап өтті.

Пономарёв Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегіне сүйене отырып, жалған ақпарат тарату екінші жыл қатарынан әлемдік негізгі қауіптер қатарында екенін еске салды. Депутат мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғалары немесе Президент қатысқан дипфейктердің пайда болуы қоғамдық пікірді манипуляциялау мен елдегі жағдайдың тұрақсыздануына әкелуі мүмкін екенін айтты.

Халықаралық тәжірибеге мысал келтіре отырып, Пономарёв АҚШ-та 2020 жылы дипфейктерге қатысты ережелер Қорғаныс бюджетіндегі заңға енгізілгенін, ал Оңтүстік Кореяда 2024 жылғы парламенттік сайлау алдында дипфейктерді үгіт-насихатта қолдануға тыйым салынғанын айтты. Кейбір елдерде түпнұсқа материалдарды цифрлық белгілеу және жасанды мазмұнды автоматты анықтау жүйелері енгізілуде.

«Адам жақынының дауысын естіп көмек сұраған хабарламаға түсіп кетеді, тіпті білімді адамдар да осындай құрбанына айналады. Feedzai есебіне сәйкес, онлайн алаяқтықтың жартысынан көбі жасанды интеллект қолдану арқылы жасалады»,- деп депутат дипфейктер қаржылық алаяқтықта жиі қолданылатынын атап өтті.

Осыған байланысты Пономарёв үш басты қадамды ұсынды:

— Цифрлық контентті мониторинг және сараптама орталығына дипфейктерді тез анықтау және блоктау міндетін жүктеу;

— Мемлекеттік жүйелер мен БАҚ-та цифрлық бейнелер мен видеоматериалдардың шынайылығын тексеру жүйесін әзірлеу;

— Азаматтарды жалған материалдарды анықтауға және цифрлық алаяқтықтан қорғауға үйрететін кең ауқымды ақпараттық науқан өткізу.

Депутат сондай-ақ, Amanat фракциясының дипфейктерді заңсыз қолдану үшін жауапкершілікті күшейту және жасанды интеллект синтетикалық өнімдерін пайдалану аясын шектеуге бағытталған заңнамалық түзетулер әзірлеп жатқанын хабарлады.

Пономарёвтің айтуынша, жалған материалдардың сапасы артып, сонымен бірге қауіп-қатерлер де өсуде. Мемлекет алдын ала әрекет етуі тиіс. Дипфейктермен күрес — бұл тек абырой мәселесі ғана емес, ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды іс.