Home Робот пен дрондар,ЖИ Жасанды интеллект мидағы ойларды сөзге айналдыра алады

Жасанды интеллект мидағы ойларды сөзге айналдыра алады

24

Ғалымдар жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары адамның тек өз-өзінен айтатын ішкі сөздерін ғана емес, ойша елестететін бейнелерін де дәл оқу қабілетіне жеткенін хабарлайды. Ми белсенділігін тіркейтін жаңа жүйе адамның көргенін немесе елестеткенін жоғары дәлдікпен сипаттайтын мәтіндерге айналдыра алады. Сонымен қатар, бұл технология зерттеушілерге адамның ойлары сөзге айналмай тұрып әлемді қалай қабылдайтынын түсінуге мүмкіндік береді.

Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде ғылым адам миының белсенділігінен не көріп, не еститінін болжап үйренді. Алайда күрделірек ақпаратты, мысалы бейнероликтегі көрініс немесе ойша елестетілетін фигураларды дәл талдау қиындық туғызды. Бұрын тек негізгі сөздер ғана анықталса, толық әрекет пен көріністі түсіну шектеулі болды. Сонымен қатар жасанды интеллект модельдері сөйлемдерді өз бетінше құрастырғанда нақты көріністі ойдан шығарылған ақпараттан айыра білу қиынға соққан.

NTT Communication компаниясының зерттеушісі Томояши Хорикава әзірлеген жаңа әдіс бірнеше кезеңнен тұратынын Nature журналы хабарлайды. Алдымен жасанды интеллект моделі 2000-нан астам бейнероликтің субтитрлерін талдап, әрқайсысын сандық мағыналық қолтаңбаға айналдырған. Содан кейін бөлек ЖИ құралы алты қатысушының миын сканерлеу арқылы оқытылып, бейнеролик көрген кезде әр мағыналық қолтаңбаға сәйкес ми белсенділігін анықтауды үйренген.

Оқыту аяқталған соң құрылғы бейнеролик көріп отырған адамның миын сканерлеп, оның мағыналық қолтаңбасын болжайды. Содан кейін мәтін генераторы ЖИ негізінде мидан алынған қолтаңбаға ең жақын сөйлемді таңдайды. Мысалы, қатысушы су төгетін сарқырамадан секіріп жатқан адам бейнесін көрсететін қысқа бейнероликті көргенде, ЖИ ми белсенділігі арқылы «су ағыны» сөзінен бастап, «жарлы сарқыраманың үстінен» және соңында «адам таулы шыңнан терең сарқыраманың суына секіреді» деген сөйлемге жеткен.

Сонымен қатар зерттеушілер қатысушылардан көрген бейне үзінділерін еске түсіруін сұрағанда, ЖИ моделі осы естеліктерді мәтінге сәтті айналдыра алған. Бұл ми көрген нәрсені қабылдау мен есте сақтау процестерінде ұқсас механизмдерді қолданатынын көрсетеді.

Бұл технология инвазивті емес функционалды магнитті-резонанстық томографияны пайдалана отырып, мидың ішкі ойларын тікелей мәтінге айналдыратын импланттарға балама ретінде қызмет етеді. Болашақта ол сөйлеу қабілетін жоғалтқан науқастарға өз ойларын сөзге айналдыруға көмектесуі мүмкін.