Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстандық оқушылар Панамада робототехникадан төрт дүркін әлем чемпиондары атанды

Қазақстандық оқушылар Панамада робототехникадан төрт дүркін әлем чемпиондары атанды

15

Қазақстан ұлттық робототехника құрамасы 2025 жылы Панама-Сити қаласында өткен FIRST Global Challenge (FGC) дүниежүзілік олимпиадасында төртінші рет қатарынан таңқаларлық жеңіске жетті.

Әлемнің 190 елінен келген командалармен жарыса отырып, біздің оқушылар тек бірінші орынды иеленіп қана қоймай, ең беделді екі номинацияда да жоғарғы наградаларды жеңіп алды.

GRAND CHALLENGE AWARD (алтын) – бұл турнирдің басты марапаты, роботтар саптық ойындарында рекорд орнатқан абсолютті чемпиондарға беріледі.

ALBERT EINSTEIN AWARD (алтын) – ең жоғары төрешілік марапаты, инженерлік шығармашылық, техникалық шеберлік, командалық жұмыс пен көшбасшылық қабілетті көрсете білгендерге тағайындалады. Бұл жүлде кешенді жоғары деңгей мен инновацияны мойындау болып саналады.

Биыл ұлттық іріктеу барысында Алматы-Медеу қаласындағы NIS мектебінің 9-10 сынып оқушылары Рашат Досымжан, Даулет Ілияс, Орынбасаров Алихан, Әсетұлы Мадиар және Турсымбаев Нурасыл құрамға енді. Ұлттық құраманы баптаған бапкерлер – Дулат Байтуленов, Нурдаулет Досмагамбет және Асылбек Мурзахметов.

Женева-2022, Сингапур-2023, Греция-2024 және Панама-2025 жылдарындағы төрт қатарлы жеңіс Қазақстанды халықаралық STEM-білім беру алаңында абсолютті әлемдік көшбасшы етіп отыр. Бұл нәтиже FGC тарихында теңдессіз болып табылады.

USTEM Foundation қоғамдық қорының жетекшісі Асылбек Мурзахметов атап өткендей, Қазақстан әлемге өзінің тек бай ресурстарымен ғана емес, интеллектуалды әлеуеті мен жоғары технологияларымен де танымал екенін дәлелдеді. Оның сөзінше, құрам әр жылы жаңарып, еліміздің намысын қорғауға жаңа қатысушылар ат салысады.

Чемпионаттың биылғы тақырыбы «Eco-Equilibrium» жаһандық экологиялық мәселелерді шешуге және биоәртүрлілікті сақтауға арналды. Қазақстан командасы экожүйелерді қалпына келтіруде ерекше тәсіл көрсетті: робот өмір таралуына кедергі жасайтын тосқауылдарды тиімді түрде алып, биоәртүрліліктің бірліктерін әртүрлі экожүйелерге дәл орналастырып, финалдық күрделі тапсырманы сәтті орындап, ең көп ұпай жинады.

Ұлттық құраманы қолдаған ұйымдар қатарында РНПЦ «Дарын», ҚР Білім министрлігі, USTEM Foundation қоғамдық қоры, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы және қазақстандық стартап Cannect.AI бар.