Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Ұлыбритания цифрлық куәлік арқылы көші-қонды реттеуді жоспарлап отыр

Ұлыбритания цифрлық куәлік арқылы көші-қонды реттеуді жоспарлап отыр

19

Ұлыбритания билігі елдегі заңсыз көші-қонмен күрес мақсатында азаматтарға цифрлық жеке куәлік енгізуді жоспарлап отыр.

Премьер-министр Кир Стармердің бастамасы бойынша, енді елде еңбек ететін барлық ересектердің арнайы Brit Card атты цифрлық куәлігі болу тиіс. Бұл жүйе қазіргі уақытта қолданылып жүрген үкіметтік One Login инфрақұрылымының негізінде жұмыс істемек.

Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай куәлік елге заңсыз келгендердің жұмыс істеу мүмкіндігін шектеп, көші-қон үдерісін реттеуге және жұмыс нарығындағы көлеңкелі тәсілдерді азайтуға мүмкіндік береді. Үкіметтің түсіндіруінше, бұл бастама заңсыз жолмен елге өтуге ниеттілерге айқын белгі болмақ. Атап өту керек, цифрлық куәлігі жоқ адам Ұлыбритания аумағында ресми түрде еңбек ете алмайды.

Жоба аясында цифрлық технологияларды қолдануға қиналатын адамдарға қолдау көрсету тетігі қарастырылған. Бұл бағдарлама ең алдымен қарттарға, үйсіз жандарға және смартфоны жоқ азаматтарға бағытталады.

Brit Card жүйесі жаңа буындағы шифрлау мен деректерді растау технологияларына негізделмек. Үкімет өкілдері азаматтардың жеке ақпараты тек өз құрылғыларында сақталып, деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығына ерекше назар аударылатынын айтады.

Дегенмен бастама қоғамда түрлі пікір туғызды. Сарапшылардың бір бөлігі мұндай жүйе азаматтардың жеке өміріне қол сұғып, деректердің үшінші тарапқа өтіп кету қаупін күшейтуі мүмкін екенін алға тартады.

Парламент мүшесі әрі бұрынғы министр Дэвид Дэвис те бұл мәселеге алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мүлде мінсіз қауіпсіз жүйе болмайды. Бұған дейін үкіметтер мен ірі технологиялық компаниялар да азаматтардың деректерін қорғауда олқылықтарға жол берген. Егер әлемдік деңгейдегі компаниялардың өзі мұны толық қамтамасыз ете алмаса, үкіметтің мұндай міндетті мінсіз орындауына сенім аз, – дейді саясаткер.

Қазір Brit Card жүйесі сынақ кезеңінде сынақтан өтуде. Жоба нәтижесі оң бағаланса, Ұлыбритания үкіметі оны ел көлемінде енгізуді жоспарлап отыр.