Home Аналитика Оңтүстік Кореяда дата-орталықтағы өрт электрондық қызметтерді тоқтатты

Оңтүстік Кореяда дата-орталықтағы өрт электрондық қызметтерді тоқтатты

48

26 қыркүйек кешінде Тэджондағы Ұлттық ақпараттық ресурстар қызметінің (NIRS) басты дата-орталығында литий-ион батареялары өртеніп, өрт тез тарады. Қауіпсіздік жүйесінің батареялары тұтанған соң 200-ден астам өрт сөндіруші мен арнайы техника жұмылдырылды.

27 қыркүйек таңертең жалынның негізгі бөлігі сөндірілді, бірақ залдағы температура шамамен 80 °C болғандықтан өрт толық жойылмады. 384 батарея модулі өртенді, олардың тек бір бөлігі ғана арнайы ванналарда салқындатылды. Бір қызметкер беті мен қолын күйдірді.

Салқындату жүйесінің істен шығуы басты себеп болды. Серверлердің қызып кетпеуі үшін операторлар 647 жүйені тоқтатуға мәжбүр болды. Оның ішінде азаматтарға арналған 436 сыртқы сервис пен 211 ішкі жүйе бар. Бұл миллиондаған адамның күнделікті өміріне айтарлықтай әсер етті.

Іске қосылмаған қызметтер:

  • Government24 порталы мен мобильді жеке куәліктер;
  • e-People электрондық петициялар жүйесі;
  • Korea Post онлайн-операциялары (аударымдар, салымдар, сақтандыру қызметтері);
  • Қаржы министрлігі мен ІІМ сайттары;
  • Onnara ішкі құжат айналым желісі.

Төтенше қызмет 119 тек дауыстық қоңырауларды қабылдады. SMS, видеобайланыс және абоненттің орналасқан жерін анықтау қызметтері істен шықты. Ауруханалар мен көлік терминалдарында физикалық ID болмаса қызмет көрсетілмеді, ал мобильді куәліктер жұмыс істемей қалды. Автоматтар мен онлайн-порталдар жабылып, азаматтарға офлайн терезелерді іздеуге тура келді.

Чхусок мерекесіне дейін пошта қызметтерінде кешігулер орын алуы мүмкін. Атап айтқанда, Korea Post онлайн-сервистері тоқтап, кейбір процестер баяу офлайн режимге көшірілді. Қалалық қызметтер тежеліп, шенеуніктер жұмыстарын қолмен атқаруда.

Үкімет ең жоғары төтенше дайындық деңгейін жариялап, азаматтарға ескерту SMS жіберді және ресми кешірім сұрады. Қалпына келтіру мерзімі әлі белгісіз: алдымен жабдық салқындатылып, қауіпсіздігі тексеріледі, содан кейін әрбір жүйе қайта іске қосылады.

Оңтүстік Корея жылдар бойы цифрлық көшбасшы ретінде танылып, халықаралық рейтингтерде жоғары орын алған еді. Алайда бір өрт барлық әлсіз тұстарды көрсетті. Яғни, нфрақұрылымның жеткілікті қорғалмағаны және негізгі сервистердің бір ғана нүктеге тәуелділігі айқындалды. Бұл елдің технологиялық имиджіне ауыр соққы болды.

Алдыңғы жылдары да елді деректердің құпиялығы мәселелері дүр сілкіндірді. Хакерлер телекоммуникациялық компанияларды және қаржы сервистерін бұзып, ақпаратты жариялаған. Сол жағдайлардың үстіне өртену Кореяның цифрлық инфрақұрылымының әлсіз тұстарын тағы бір көрсетті.

Оқиға цифрлық мемлекеттің әлсіз тұстарын ашты. Бір өрт миллиондаған адамның бір ғана нүктеге тәуелді екенін көрсетті. Бұл Қазақстан үшін де сабақ болуы мүмкін, өйткені елімізде цифрландыру белсенді түрде жүргізілуде.