Home Технологиялар Ғаламтор және желі Трамптың TikTok жайлы мәлімдемесі талқуға түсті

Трамптың TikTok жайлы мәлімдемесі талқуға түсті

67

АҚШ президенті Дональд Трамп бір жылдық үзілістен кейін өз TikTok парақшасында жаңа бейнежазба жариялап, әлеуметтік желіні сақтап қалғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, бүгінде TikTok-тың жұмыс істеуі — оның қабылдаған шешімдерінің нәтижесі.

«TikTok қолданушылары, мен бұл желіні аман алып қалдым. Сондықтан сендер маған алғыс айтуға тиіссіңдер. Қазір мен Ақ үйдің Овал кеңсесінде отырмын, ал бір күні сендердің араларыңнан біреу осы орында отырып, өз елінің игілігі үшін еңбек ететініне сенемін»,- деді Трамп бейнеүндеуінде.

Президенттің TikTok-тағы алдыңғы жазбасы өткен жылдың 5 қарашасында — АҚШ-тағы жалпы сайлау күні жарияланған болатын.

Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында Дональд Трамп әлеуметтік желіні америкалық инвесторларға сату туралы жарлыққа қол қойған еді. Бұл шешім — ел аумағында кеңінен қолданылатын платформаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және деректердің шетелдік бақылауға түспеуін қадағалау мақсатында қабылданған.

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, TikTok-тың америкалық активтерін сатып алу жөніндегі келісімге Oracle, Andreessen Horowitz және Silver Lake Management компаниялары кіретін консорциум қатысып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, Ақ үйдің мұндай қадамы АҚШ-тағы цифрлық кеңістікте ұлттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Ал Трамптың бейнеүндеуі — технология мен саясаттың тоғысқан нүктесінде тұрған қазіргі заманның жаңа коммуникациялық дәуірін айқын көрсетеді.