Home Технологиялар Ғаламтор және желі Интернет сапасын бақылау мен жетілдіру бойынша шаралар қолға алынды

Интернет сапасын бақылау мен жетілдіру бойынша шаралар қолға алынды

72

Облыс бойынша 492 ауылдық елді мекеннің 372-сінде жоғары сапалы 4G байланыс қолжетімді. Цифрлық инфрақұрылымды ары қарай дамыту мақсатында 2023 жылы әкімдік ірі телекоммуникациялық операторлар — «Қазақтелеком» АҚ (Kcell) және Beeline Қазақстан (ЖШС «КаР-Тел») компанияларымен меморандумдарға қол қойды.

Осы келісімдер аясында жыл сайын шамамен 50 антенна қондырғысы орнатылып, базалық станциялар іске қосылады. 2024 жылы антенналар 44 ауылдық елді мекенде тұрғызылып, базалық станциялар 42 ауылда пайдалануға берілді. Қалған нысандар жылдың соңына дейін іске қосылады.

Қазақстан Үкіметі «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын жүзеге асыра отырып, ауылдық жерлерде жылдамдығы 100 Мбит/с кем емес интернетті қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік мекемелер және басқа әлеуметтік нысандарға талшықты-оптикалық желілер тартылуда. 2027 жылға дейін облыстың 301 ауылы интернетпен қамтылады.

Инфрақұрылымы шектеулі ауылдық жерлерде интернетке қосылу спутниктік жүйелер арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл тәсіл барлық елді мекендерге, оның ішінде аз халқы бар ауылдарға да түрлі технологиялық шешімдер арқылы тұрақты және жылдам желіге шығуға мүмкіндік береді.

Облыстың ақпараттандыру басқармасы тұрғындардан келіп түскен байланыс сапасына қатысты шағымдарды үнемі қадағалап, операторларға интернеттің қамтылуы мен тұрақтылығын арттыру бойынша ұсыныстар береді. Операторлар барлық елді мекенде телекоммуникациялық қызметтің сапасын жақсарту үшін қажетті шараларды іске асырады.