Meta компаниясы 16 желтоксанда жасанды интеллект көмекшісі Meta AI арқылы жиналған деректерді жеке жарнамаларды және контент ұсынымдарын жетілдіру үшін қолдана бастайтынын хабарлады. Жүйе Facebook пен Instagram желілерінде, сондай-ақ ақылды көзілдірік пен Quest құрылғыларында пайдаланушылармен болған өзара әрекеттерден алынған ақпаратты ескеретін болады.
Компания жеке хат-хабарларға жарнама берушілердің қолы жетпейтінін атап өтті. Алайда дауыс арқылы қойылған сұрақтар мен мәтіндік сөйлесулердің мазмұны алгоритмдерге пайдаланушының қызығушылығын анықтауға көмектеседі. Осылайша Meta AI-мен болған диалогтар әлеуметтік желілердегі «Ұнайды» белгісі секілді жарнама мен контент ұсынудағы қосымша құралға айналмақ.
Мысалы, егер қолданушы Meta AI-мен табиғатта серуендеу туралы сөйлессе, жүйе оны туризмге қызығады деп танып, жорықтарға арналған топтар мен жабдықтар туралы жазбаларды немесе жарнамаларды ұсынуы мүмкін.
Сонымен қатар компания дін, саясат, денсаулық, этникалық тегіне, жыныстық бағдарға немесе кәсіподақ мүшелігіне қатысты сөйлесулер жарнама мақсатында қолданылмайтынын мәлімдеді. Дегенмен сарапшылар мұндай мәліметтердің шын мәнінде пайдаланылмайтынын тексеру қиын екенін айтады.
Meta өкілдері Ray-Ban Meta ақылды көзілдірігінің сатылымы 2025 жылы үш есеге артқанын да хабарлады. Компания Meta AI арқылы алынған деректерді пайдалану арқылы көзілдірік жобасын ұзақ мерзімді табыс көзіне айналдыруды көздеп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, Марк Цукербергтің стратегиясы енді құрылғы сатудан емес, жарнама мен цифрлық сервистер есебінен кіріс табуға бағытталған.












