Home Технологиялар Ғарыш Америкалық компания түнгі энергия тапшылығын шешетін спутниктер әзірлеуде

Америкалық компания түнгі энергия тапшылығын шешетін спутниктер әзірлеуде

18

Америкалық Reflect Orbital стартапы тәуліктің кез келген уақытында күн сәулесін Жердің қалаған нүктесіне бағыттай алатын жаңа технология әзірлегенін мәлімдеді. Жоба спутниктерге орнатылған диаметрі 54 метр болатын айналар арқылы жүзеге аспақ. Бұл жүйе энергия тапшылығын азайтып, түнгі уақытта да жарық пен қуат алуға мүмкіндік береді.

Компанияның хабарлауынша, алғашқы сынақ спутнигі Earendil-1 2026 жылы 625 шақырым биіктіктегі орбитаға ұшырылмақ. Ал 2030 жылға қарай 4000 спутниктен тұратын толық топтама іске қосылады деп жоспарланған. Әр аппарат шамамен жеті шақырым аумақты бірнеше минут бойы жарықтандыра алады. Біріктірілген жүйе бұдан да кең аймақтарды қамтуға қауқарлы болады.

Reflect Orbital өкілдері жаңа жүйені «сұраныс бойынша күн» деп атап отыр. Олардың айтуынша, бұл шешім экологиялық тұрғыдан тиімді, себебі күн электр станцияларының өнімділігін арттырып, қазба отындарын пайдалануды азайтады. Технология әсіресе шалғай және энергия көздеріне тәуелді өңірлерге, сондай-ақ төтенше жағдай қызметтеріне пайдалы болмақ.

Алайда астрономдар жаңа жобаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Ғалымдар мұндай мыңдаған айнасы бар спутниктер түнгі аспанды шамадан тыс жарықтандырып, астрономиялық бақылауларға кедергі келтіруі мүмкін екенін айтады. Сарапшылардың пікірінше, шағылған жарық толық Айдың жарығынан да айқын болуы ықтимал, бұл табиғи экожүйелер мен түнгі жануарлардың мінез-құлқына әсер ету қаупін тудырады.

Техникалық тұрғыда бұл жүйе жарықты шағылыстыру принципімен жұмыс істейді — кәдімгі айнаның әрекетіне ұқсас. Дегенмен сәуле үлкен аумаққа тарайтындықтан, жарықтың қарқындылығы әлсірейді. Соған қарамастан, Reflect Orbital инженерлері спутниктер жеткілікті деңгейде бағытталған және тұрақты жарық бере алады деп сендіріп отыр.

Компания алдағы уақытта басқару жүйесінің дәлдігін жетілдіруді, экологиялық қауіпсіздік талаптарын пысықтауды және АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералды комиссиясынан (FCC) рұқсат алуды жоспарлап отыр.