Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов азаматтар арасында туындаған 2022–2023 жылдардағы мобильді аударымдарға қатысты тексеріс жүргізіледі деген алаңдаушылыққа түсініктеме берді.
Оның айтуынша, мемлекет ешкімнің жеке аударымдарын тексермейді. Тек табыс тауып, оны декларацияламаған жағдайда ғана азаматқа декларация тапсыру қажеттігі жөнінде хабарлама жіберіледі.
«Бұл – тексеріс емес, тек хабарлау жүйесі. Мұндай тетік тек тіркелген салық төлеушілерге, яғни шағын және микробизнес өкілдеріне қатысты болады. Қазір біз мобильді аударымдарға байланысты жаңа механизмді пысықтап жатырмыз. Егер уәкілетті органдар мен банктерден ақпарат түссе, азаматтар жеке кабинеттері арқылы немесе арнайы хабарлама түрінде дер кезінде ескертіледі. Бірақ бұл тек алдағы уақытқа қатысты», – деді вице-министр.
Сонымен бірге Ержан Біржанов келесі жылдың соңына дейін Қаржы министрлігі халықтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы аударымдары жөнінде мәлімет алатынын айтты.
«2022–2023 жылдардың деректерін қайта қарау жоспарда жоқ», – деп түйіндеді ол.
Жаңа ереже енгізілген соң, мобильді аударымдарға байланысты жүйе бірізденіп, бизнес пен азаматтардың қаржы айналымы ашық әрі түсінікті болмақ.












