Алматы облысы Қазақстандағы цифрлық трансформацияның алдыңғы қатарында тұр. Өңірде жасанды интеллект мемлекеттік басқару, білім беру және қауіпсіздік салаларына енгізілуде.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub өкілдері хабарлады. Олар жаңа технологиялардың өңір өмірін қалай өзгертіп жатқанын таныстырды. Алғашқы қадамдардың бірі ретінде мемлекеттік қызметшілерге ChatGPT және Midjourney сынды заманауи сервистерді пайдалануды үйрету қолға алынған. Мамандардың айтуынша, басты мақсат — жасанды интеллектіні күнделікті басқару тәжірибесінің бөлігіне айналдыру.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында қазірдің өзінде 9 мыңнан астам бақылау камерасы орнатылған. Білім беру мекемелерінде Face ID және QR-жүйелер енгізілуде. Сонымен қатар 18 елді мекенде «ақылды камералар» орнатылып жатыр. Олар орман өрттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Өңірдің маңызды жаңалығы — мемлекеттік басқару процестерін автоматтандыруға арналған Qonaev AI пилоттық жүйесінің енгізілуі. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған цифрландыру мен жасанды интеллектіні аймақтық дамудың басты тетігіне айналдыру жөніндегі тапсырмаларымен үндес.
Инновациялық экожүйенің орталығы — Қонаев қаласындағы Alatau Hub. Бір жарым жылдың ішінде бұл алаң жүздеген іс-шара өткізіп, мамандарды no-code бағдарламалауға оқытты, ондаған цифрлық жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетті. Соның ішінде аграрлық салаға арналған QazTracker жүйесі ерекше назарға ілікті. Ол мал шаруашылығын тиімді басқаруға көмектеседі.