Home Және басқа ақпараттар Оқиғалар Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігі құрылды

Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігі құрылды

33

Қазақстанда Жасанды интеллект министрлігі ресми түрде құрылды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейсенбі күні қол қойған Жарлыққа сәйкес, бұрынғы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қайта ұйымдастырылып, оның негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасақталды. Ал инновациялық қызметке қатысты өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілді.

Құжатта жаңа министрлікке бұрынғы ведомствоның берілген функцияларына сәйкес құқықтары мен міндеттемелері толықтай өтетіні көрсетілген.

Сонымен қатар Президент Жарлығында Үкіметке бірқатар міндет жүктелген. Атап айтқанда:

  1. Мемлекет басшысы Әкімшілігімен келісім бойынша мемлекеттік органдар мен олардың қарамағындағы ұйымдардағы штат саны қайта бөлінуі тиіс;
  2. Жарлықты жүзеге асыру үшін өзге де қажетті шаралар қабылдануы керек.

Жаңа министрліктің құрылуы Қазақстандағы цифрлық даму саясаты мен жасанды интеллектті енгізу үдерісін жеделдетуге бағытталмақ.