АҚШ-тағы Пенсильвания штаты университетінің ғалымдары бір уақытта әрі дәстүрлі, әрі кванттық деректерді тасымалдай алатын тың маршрутизатор жасады. Ең қызығы – жаңа жүйе қолданыстағы талшықты-оптикалық желілер арқылы жұмыс істей береді, сондықтан қосымша инфрақұрылым құрудың қажеті жоқ.
Зерттеушілердің айтуынша, бұл құрылғы кванттық сигналдарды да, кәдімгі интернет трафигін де қатар өңдейді. Жүйе толық автоматты түрде іске қосылып, қалыпты интернет хаттамаларын пайдаланады.
Жаңа жүйенің басты жаңалығы – кванттық деректерді бағыттау тәсілінде. Әрбір кванттық сигналдың алдына классикалық IP-пакет қосылып, ақпарат адресатқа дәл жеткізіледі және бөлшектердің бастапқы күйі бұзылмайды. Осылайша бір арна арқылы әрі кванттық, әрі дәстүрлі деректерді қатар тасымалдауға жол ашылды.
Сынақ жұмыстары университеттің бір шақырымдық талшықты желісінде жүргізілді. Нәтижесінде кванттық ақпараттың 97 пайызы дәл жеткізілген, ал кәдімгі интернет мүлде үзілмей жұмыс істей берген.
Ғалымдар бұл жаңалықты болашақтағы кванттық интернеттің негізі деп отыр. Себебі жаңа технологияның көмегімен бүкіл әлемде кванттық желілерді бар инфрақұрылымның үстінен құруға жол ашылады.