Home Робот пен дрондар,ЖИ Зерттеушілер қысымды дәл өлшейтін бионикалық датчик ойлап тапты

Зерттеушілер қысымды дәл өлшейтін бионикалық датчик ойлап тапты

28

Қытайлық зерттеушілер сарышаянның сезу жүйесін негізге алып, жаңа қысым датчиктерін жасады. Бұл құрылғылар ауаның қозғалысын өте сезімтал қабылдап, қысымның түрлі деңгейінде бірдей жұмыс істей алады.

Жаңа технологияны сынау үшін зерттеушілер алты аяқты шағын робот құрастырды. Оның денесіне ауа ағынын байқайтын төрт датчик орнатылды.

Қазір қолданыстағы қысым датчиктерінің басты қиындығы – не сезімталдықты күшейту, не жұмыс ауқымын кеңейту арасында таңдау жасауға тура келеді. Медицинада, өнеркәсіп пен робототехникада қолданылатын кремнийлі датчиктердің көбі осы шектеумен бетпе-бет келеді.

Ал табиғат бұл түйткілді әлдеқашан шешкен. Көру қабілеті нашар сарышаяндар тіршілігін сақтау үшін аса сезімтал сезу жүйесін дамытқан.

Цзилинь университетінің ғалымдары жәндіктің сезім мүшелерін зерттей келе қызық құбылысты анықтады: сарышаянның панциріндегі жарықшақтар «кернеу қақпасы» сияқты әсер етіп, механикалық энергияны айналадағы тіндерге қарағанда алты есе тиімді жинайды. Ал түктердің түбіндегі тырнаққа ұқсас құрылым сезім дәлдігін арттырады. Бұл жаңалық Science Advances журналында жарияланды.

Ғалымдар осы жүйені кремний чипіне енгізіп, компьютерлік модельдеу арқылы оның артықшылығын көрсетті. Тәжірибелік сынақтар да жаңа құрылғының тиімділігін растады.

Зерттеушілер қысымды дәл өлшейтін бионикалық датчик ойлап тапты

Жаңа датчиктер ауа ағысының түрлерін – ламинарлы, аралық және турбулентті – айыра алды. Машиналық оқыту әдісін қолдана отырып, жүйе әртүрлі пішіндегі жақындап келе жатқан нысандарды 85 пайыздан жоғары дәлдікпен таныды. Сынақ кезінде датчик орнатылған робот ірі заттарды «жыртқыш» деп айналып өтіп, ұсақ нысандарға «олжа» деп жақындауды үйренді.

Мамандардың айтуынша, мұндай датчиктер роботтарға күрделі ортада еркін бағдар табуға көмектеседі. Одан бөлек, қараңғыда, түтінде немесе тұманда да жұмыс істей береді. Бұл технология медицинада да қолданыс табуы мүмкін – мысалы, әлсіз физиологиялық сигналдарды тіркеу үшін.