Home Техника Автокөліктер Елімізде электронды көлік паспорты порталы жаңартылды

Елімізде электронды көлік паспорты порталы жаңартылды

16

Қазақстанда көлік құралдарының электронды паспорты (ЭКП) жүйесінің ресми сайты жаңартылды. Енді автокөлік иелері өз құжатының мәртебесін онлайн режимде тексере алады. Қызмет құжаттың жарамдылығын көрсетіп қана қоймай, қате табылған жағдайда оның себебін түсіндіріп, шешу жолдарын да ұсынады. Бұл мүмкіндік Қазақстанда ғана емес, Ресей, Беларусь елдерінде берілген электронды құжаттар үшін де қолжетімді.

Жаңартылған портал бұрынғыдан әлдеқайда ыңғайлы. Мұнда көлік иелеріне әртүрлі жағдайға байланысты электронды паспортты рәсімдеу жөнінде нұсқаулықтар жарияланған. Сондай-ақ ел ішінде автокөлік сатып алу, ЕАЭО елдерінен әкелу немесе үшінші мемлекеттерден жеткізу кезіндегі рәсімдеу тәртібі толық түсіндірілген. Ал жүйеге тікелей қосылатын компанияларға келісімшарт жасасу тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі бойынша арнайы ұсынымдар дайындалған.

ЭКП – дәстүрлі қағаз түріндегі техникалық паспортты алмастыратын құжат. Онда көліктің техникалық сипаттамалары, елге әкеліну тарихы, тіркеу деректері және утилизацияға қатысты мәліметтердің барлығы сақталады. 2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда алғаш рет есепке қойылатын барлық автокөлікке электронды паспорт рәсімдеу міндеттеледі. Бұл құжат Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде де ресми түрде мойындалған.

Жүйенің ұлттық операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ. Компания платформаның тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді және оны мемлекеттік дерекқорлармен біріктіреді. Электронды паспортқа қажетті ақпарат Ішкі істер министрлігі, Мемлекеттік кірістер комитеті, Техникалық реттеу және метрология комитеті мен «Жасыл даму» АҚ секілді мекемелерден түседі.

Көлік иелері кеңес алу үшін 701 999 нөміріне хабарласа алады немесе жаңартылған порталдағы онлайн-тексеру қызметін пайдалана алады.