2023 жылдың мамырында қосымшалар дүкенінде ұсынылған ChatGPT-тің мобильді нұсқасы небәрі екі жыл ішінде OpenAI-ға 2 миллиард доллардан астам пайда тапты. TechCrunch мәліметінше, бұл – мобильді нарықтағы ең жоғары нәтиже.
2025 жылы табыс көлемі ерекше серпін алған. Бар-жоғы жеті айдың ішінде қосымша 1,35 млрд доллар әкеліп, өткен жылғы көрсеткіштен жеті есе артық нәтиже көрсетті. Ал Grok, Claude және Copilot сияқты бәсекелестердің жиынтық кірісі ChatGPT-тің табысынан 30 есе аз болған.
Сарапшылардың есебінше, ChatGPT-тің ай сайынғы табысы шамамен 193 миллион долларды құрайды. Салыстырып көрсек компанияның қарсыласы – Grok айына небәрі 3,6 миллион доллар кіріс әкелген. Әрбір жүктеудің құны да айтарлықтай өзгеше: ChatGPT – 2,91 доллар, Grok – 0,75 доллар, ал Copilot – 0,28 доллар.
Табыс көлемінде АҚШ көш бастап тұр (38%), одан кейін Германия (5,3%). Ал жүктеу саны жағынан Үндістан алға шыққан – барлық орнатулардың 13,7 пайызы осы елге тиесілі. Жалпы, ChatGPT әлем бойынша 690 млн рет жүктелсе, Grok көрсеткіші – 39,5 млн.
Тек 2025 жылдың өзінде қосымша 318 млн рет орнатылып, былтырғыдан үш есе көп нәтижеге жеткен. Сарапшылардың айтуынша, бұл деректер тек мобильді нұсқаға қатысты, веб-қосымшадан және корпоративтік API-дан түсетін табыс бұл есепке кірмеген.