Қытай билігі мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарға америкалық Nvidia компаниясының H20 графикалық процессорларын пайдаланбауға кеңес берді. Бұл туралы Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап Mobilaser хабарлады. Тікелей тыйым салынбаса да, әсіресе мемлекеттік секторға берілген нұсқау қатаң болғаны айтылады.
H20 чиптері АҚШ әкімшілігі экспорттық шектеулерді жеңілдеткеннен кейін Қытайға жеткізілген. 2024 жылдың соңында Дональд Трамп үкіметі Nvidia мен AMD компанияларына Қытай нарығына арнап жасалған процессорларды сатуға мүмкіндік берген еді.
Жаңа H20 үлгісі қуаты жағынан H100 немесе Blackwell сияқты жетекші модельдерден төмен болғанымен, Қытай нарығында жасанды интеллектіге арналған ең өнімді үдеткіш болып қалып отыр. Дегенмен Вашингтонда Nvidia мен AMD өнімдеріне қосымша 15 пайыздық экспорттық салық енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Пекиннің алаңдаушылығы екі бағытқа байланысты. Біріншіден, H20 процессорларында жасырын қадағалау немесе қашықтан бұғаттау функциясы болуы мүмкін деген күдік бар, бірақ Nvidia мұны үзілді-кесілді жоққа шығарады. Екіншіден, Қытайдың батыс технологиясына тәуелділігі стратегиялық қауіп ретінде қарастырылуда. Осыған байланысты билік жергілікті өңдеушілерді қолдауға шақырып, отандық шешімдерге, соның ішінде қуаттылығы H20-дан асып түсетін Huawei Ascend 910C секілді процессорларға көшу қажеттігін баса айтады.
Қытайдың бұл ұсынысы Nvidia сату көрсеткішіне қалай әсер ететіні әзірге белгісіз. Әлемдік нарықта графикалық процессорларға сұраныс әлі де жоғары. Оның үстіне компания жақында TSMC-ке 300 мың жаңа H20 чипіне тапсырыс беріп, жалпы қорын 600–700 мың данамен толықтырды.