Home Робот пен дрондар,ЖИ Президент жасанды интеллект туралы заңды биыл қабылдауды тапсырды

Президент жасанды интеллект туралы заңды биыл қабылдауды тапсырды

28

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жасанды интеллектіні енгізу ісін сынға алды, деп хабарлайды LS.

«Мен қажетті инфрақұрылымды дайындауды, заңнамалық негіз бен деректерді жинау жүйесін әзірлеуді, сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырған едім. Алайда бұл бағыттағы жұмыстардың орындалу қарқыны көңіл көншітпейді», – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғастыра отырып, Қытай бастамашы болған Жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымына тоқталды.

«Бұл ұйымның мақсаты – жасанды интеллектіні басқаруда көпжақты тәсілді ілгерілету, цифрлық алшақтықты азайту, этиканы дамыту және тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қытайдың осындай ұйым құру туралы ұсынысын қолдап, дайындық шараларына қатысу қажет деп санаймын. Бұл – еліміздің мүддесіне сай шешім. Қазақстанның басты мақсаты – Еуразиядағы цифрлық хабқа айналу. Ол үшін нақты іске көшуіміз керек. Әр мәселені жүйелі түрде қарап, салмақты шешім қабылдап, олардың орындалуын қатаң бақылау маңызды», – деді Тоқаев.

Президент еске салғандай, 2025 жылғы шілдеде Дональд Трамп әкімшілігі America’s AI Action Plan атты стратегияны таныстырды. Бұл құжатта жасанды интеллект АҚШ-тың технологиялық, экономикалық және қорғаныс саласындағы жетекшілігінің негізгі құралы ретінде көрсетілген. Тоқаевтың пікірінше, қазақстандық мамандар осы және өзге де ұқсас құжаттарды мұқият зерттеп, практикалық қорытынды шығаруы қажет.

«Еуропалық одақ, сонымен қатар АҚШ, Қытай, Канада жасанды интеллектіні реттеудің өзіндік үлгісін қалыптастыруда. Қазақстан да өзінің ұлттық ерекшеліктеріне сай құқықтық база құруы керек. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуы шарт. Құжатта инновацияға, жауапкершілік пен қауіпсіздікке бірдей көңіл бөлінуі тиіс. Сонымен бірге азаматтардың құқығы мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғаудың маңызын ескерген жөн. Инвестиция тартуға және жаңа технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет. Осы жылдың қазан айына дейін нақты нәтиже көрсетуіміз тиіс», – деді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект туралы заңды қабылдау – кейінге қалдыруға болмайтын міндет. Үкімет бұл іске ерекше назар аударуы қажет. Президент атап өткендей, заң жасанды интеллектінің дамуына кедергі болмауы керек, барлық нормалар түсінікті әрі айқын жазылуға тиіс.

Тоқаевтың көңіл толмаушылығын тудырған тағы бір мәселе – қазақстандық ақпараттық жүйелердің әлсіздігі.

«Жыл басынан бері 40-тан астам ірі дерекқордың ақауы тіркелді. Ең ірісі – маусым айында болды. Ресми түрде мұндай оқиғалардың көбі жеке секторда орын алғанымен, елдегі жалпы цифрлық қауіпсіздік деңгейіне мемлекет толық жауапты. Қазіргі киберқауіпсіздік жағдайын қиындатып тұрған мәселе – өкілеттіліктің шашыраңқылығы мен функциялардың бытыраңқылығы», – деді Президент.

Оның сөзінше, бір жағынан мониторингті Цифрлық даму министрлігінің құрылымындағы Ақпараттық қауіпсіздік комитеті жүргізсе, екінші жағынан қауіпсіздік талаптарына сәйкес техникалық сынақ пен сертификаттауды ҰҚК-ге қарасты Мемлекеттік техникалық қызмет атқарады.

«Басқарудың бірыңғай тетігінің жоқтығы мен міндеттердің қабаттасуы салдарынан мемлекеттік органдар киберқауіптерге баяу әрекет етеді. Мұндай жағдайды жедел түзету қажет. Бүгінде іскерлік және қызметтік хат алмасулардың бір бөлігі, оның ішінде азаматтардың ЖСН мен денсаулығына қатысты құпия деректер жиі шетелдік мессенджерлер арқылы жіберіледі. Мұндай тәжірибе заң талаптарына қайшы келіп қана қоймай, ақпараттың мемлекеттің заңдық құзырынан тыс шығу қаупін туғызады. Қазақстанда жасалған отандық Aitu мессенджері бар, ол қажетті деңгейде қауіпсіздік қамтамасыз ете алады. Сондықтан Үкімет дербес деректерді қамтитын барлық ресми байланыстарды ұлттық қорғалған мессенджерге көшіру мәселесін қарастыруы тиіс», – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, бұған дейін Президент дропперлікпен айналысқандарға және коллекторлық саладағы заңсыздықтарға қылмыстық жауапкершілік енгізуді мақұлдаған еді. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықпен және өзге де қылмыстармен күресте жасанды интеллектіні қолдануды тапсырған болатын.