2025 жылғы 11 тамыздан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) беру ережелері өзгереді. Енді негізгі тәсіл – қашықтан алу. Ол үшін азаматтар eGov.kz немесе pki.gov.kz порталдары арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, ЭЦҚ-ны онлайн рәсімдей алады. Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) жүгіну тек биометрия жүйесі қолданушыны тани алмаған жағдайда ғана мүмкін болады.
Өтінім беру кезінде бет-жүзді тану арқылы сәйкестендіру жүргізіледі. Егер жүйе тұлғаны растаған жағдайда, қолтаңба автоматты түрде цифрлық форматта беріледі. Базаға фотосурет енгізілмеген немесе техникалық ақау туындаған жағдайда бес ретке дейін қайта тексеру жасалады. Тек осы мүмкіндіктер толық пайдаланылғаннан кейін ғана ХҚКО-ға барып, құжат арқылы жеке куәлікті растауға болады.
Барлық бес мүмкіндікті толық пайдаланбай жатып орталыққа жүгінсе,
өтініш қабылданбайды. Ал интернетке қосыла алмайтындар үшін ХҚКО-ларда арнайы өздігінен қызмет көрсету бұрыштары ұйымдастырылған. Мұнда электронды қолтаңбаны да оператордың көмегінсіз рәсімдеуге мүмкіндік бар.
Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері елде 14,9 миллионнан астам ЭЦҚ берілген. Оның 92,25 пайызы онлайн рәсімделген, ал тек 7,75 пайызы ғана жеке өтініш арқылы алынған.
Ведомство өкілдері жаңа жүйе қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғанын айтады. Электрондық қолтаңба қолмен қойылған қолтаңбамен тең болғандықтан, оған қол жеткізу қатаң шектеуді талап етеді. Осы тұрғыда биометриялық сәйкестендіру кілттердің заңсыз берілуіне тосқауыл қояды.