Home Технологиялар Ғаламтор және желі Павлодар облысындағы 42 ауылдық мектеп Starlink желісіне қосылады

Павлодар облысындағы 42 ауылдық мектеп Starlink желісіне қосылады

17

Павлодар облысында шалғайдағы мектептерді сенімді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Өңір әкімдігінің хабарлауынша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін аймақтағы тағы 42 ауылдық мектеп Starlink арқылы интернетке қосылады. Қазірге дейін бұл қызмет 33 мектепте іске қосылған. Барлық ауылдық білім ошақтарын желіге қосу мерзімі – 1 қыркүйек 2025 жыл.

Облыстағы 352 ауылдық елді мекеннің 342-сі ұялы байланыспен, 343-і мобильді және тұрақты интернетпен қамтылған. Десе де 10 ауылда байланыс жоқ, ал 7 ауыл толықтай интернетсіз қалып отыр. Бұл әдетте техникалық қиындықтары бар, шалғай елді мекендерге қатысты.

Спутниктік интернеттен бөлек, аймақта «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында оптикалық талшықты желілер салынуда. 2027 жылға дейін Павлодар облысындағы 207 ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Шалғай аудандарда KazSat, OneWeb және Starlink спутниктері негізіндегі шешімдер енгізілуде.

Бұған дейін Цифрлық даму министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ ауылдық елді мекендердің 3 000-нан астамын интернетпен қамтамасыз ету бойынша инвестициялық келісімге қол қойған.