Home Және басқа ақпараттар Және басқалары «Цифрлы алкоголь» мен робот-иттер: INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесінің басты жаңалықтары

«Цифрлы алкоголь» мен робот-иттер: INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесінің басты жаңалықтары

28

Қазақстандық инженерлер жасап шығарған нейроқұлаққаптар көрменің басты жаңалығы болды десек, артық айтқандық емес. Бұған дейін Екатеринбургтегі INNOPROM көрмесінде зор қызығушылық тудырған бұл өнертабыс әлеуметтік желілерде «цифрлы алкоголь» деген бейресми атауға ие болып үлгерген. Сол көрмеде қазақтың киіз үйі жұрт ең көп жиналған экспозицияға айналса, Астанадағы шарада да бұл өнім шетелдік және отандық келушілердің назарынан тыс қалған жоқ. INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесіне мыңдаған қазақстандық пен шетелдік қонақ келіп, жаңа технологияны өз көзімен көріп, сынап көрді. Бұл туралы ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз үшін адамдардың психофизиологиялық саулығы ерекше маңызды. Көпшілігі күйзеліс пен ширығудың кесірінен қажып жүр. Нейроқұлаққаптар осындай стрестен арылуға көмектеседі. Оларды кеңсе ішіндегі демалу бөлмелерінде қолдануға болады. Құлаққапты киіп, үш минуттан кейін тек эмоциялық емес, физикалық тұрғыда да демалып қаласыз. Бұл жаңалық жұмысқа деген ынта мен қызығушылықты жоғалтпай, үйге сергек күйде оралуға жол ашады», – дейді құрылғыны жасаушылардың бірі Қанат Нұрымбетов.

Көрме аясында жұрт назарын аударған тағы бір технология – робот-иттер болды. Оларды «Қазақстан инжиниринг» компаниясы таныстырды. Көпшілік назарына аумақты күзетуге арналған заманауи құрылғылар ұсынылды.

– Роботтар картография жасап, үш өлшемді модельдер құра алады. Олар түрлі нысандардың дизайнын қалпына келтіріп, іздеу-құтқару жұмыстарына қатысады. Сондай-ақ өндірістік аймақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де жарамды. Ақылды құрылғы өз бетінше нысан аумағын шолып, карта жасайды. Егер бөгде адам байқалса немесе өрт пен басқа да төтенше жағдай тіркелсе, ол ақпаратты нақты уақыт режимінде орталық жүйеге жолдайды. Жарық шамдары мен дауыс күшейткіш құралдармен жабдықталған бұл «робо-иттер» әсіресе локдаун кезіндегі көшелерді бақылауға таптырмас көмекші. Сонымен қатар, адамның бет-жүзін тану қабілеті де бар, – деді құрылғыны таныстырған компания өкілі Артур Мосендз.

Көрме қонақтарын таңғалдырған тағы бір ерекше жоба – көрме аумағына қойылған жолаушылар вагоны. «Мұны қалай әкелдіңіздер?» деп сұраған келушілерге вагон бастығы Аян Ілюбаев арнайы техникамен «Нұрлы жол» вокзалынан жеткізілгенін айтты.

– Бұл вагондар Петропавл қаласындағы зауытта өндіріледі. Көрмеде пойыз бастығына арналған штабтық вагон қойылды. Онда қозғалысы шектеулі жандарға арналған арнайы купе бар. Бұл купеде барлық жағдай жасалған, жолсерікті шақыру батырмасы да орнатылған. Барлық купелер 220 вольттық розетка мен USB-портпен жабдықталған. Сонымен қатар, вагон ішінде ішкі температура, сырттағы ауа райы және уақыт көрсетілген электронды тақта бар, – деді Ілюбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Батыс Қазақстан өңірінде 35 жаңа вагон іске қосылған. 2024 жылдың көктеміне дейін олардың саны еліміз бойынша 150-ге жетеді деп жоспарлануда.

«Цифрлы алкоголь» мен робот-иттер: INNOPROM.QAZAQSTAN көрмесінің басты жаңалықтары

Көрмеде металлургия, машина жасау, химия және жеңіл өнеркәсіп, цифрлық технология, құрылыс индустриясы мен фармацевтика салаларында өнім шығаратын 300-ден астам өндірушінің тауарлары таныстырылды. Үш күн ішінде цифрландыру, машина жасау саласындағы кооперация, ірі қалаларға арналған технологиялар, энергетикадағы жаңа шешімдер мен халықаралық әріптестік мәселелері талқыланған арнайы сессиялар өтті. Көрмеге қатысушы елдердің компаниялары өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойды.