Home Технологиялар Инновациялар Әскери оқу орындарына қайта қабылдау цифрлық форматқа көшті

Әскери оқу орындарына қайта қабылдау цифрлық форматқа көшті

24

Қазақстан Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери жоғары оқу орындарына қайта қабылдануға арналған қызмет енді eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек eGov.kz порталы арқылы ғана ұсынылатын.

Бұл цифрлық қызмет – әскери оқу орнында кем дегенде бір семестр білім алған бұрынғы курсанттарға арналған. Жүйе өтініш беруші туралы негізгі деректерді мемлекеттік ақпараттық базалардан автоматты түрде алады. Бұл өтініш беру процесін жеңілдетіп, құжат жинауға кететін уақытты қысқартады.

Қызметті оқудан шығарылған күннен бастап бір жылдың ішінде пайдалануға болады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасына кіріп, «Қызметтер» бөлімінен «Әскери есеп» тармағын таңдап, қажетті қызметті белгілеу керек. Кейін оқу орнын, оқудан шығарылған күнді көрсетіп, тиісті құжаттарды жүктеу және өтінішті ЭЦҚ немесе өзге қолжетімді тәсіл арқылы растау қажет.

Қызмет тегін көрсетіледі, ал өтініш 20 жұмыс күні ішінде қаралады. Нәтиже eGov қосымшасындағы жеке кабинетке жолданады. Егер өтініш қабылданбаса, бас тарту себебі ресми түрде түсіндіріледі.

Бұл мүмкіндік ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қорғаныс министрлігі арасындағы бірлескен жұмыстың нәтижесінде іске қосылды.

Айта кетейік, бұл қызмет бұрынғыдай eGov.kz порталында да қолжетімді болып қала береді. Цифрлық шешімдер маңызды мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті одан әрі кеңейтуді мақсат етеді.