Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Қылмыстық заңнамасын оңтайландыруға бағытталған заңға қол қойды. Құжат бірқатар жаңа құқық бұзушылық түрлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларымен толықты.
Банк карталары мен есепшоттарды киберқылмыскерлерге заңсыз пайдалануға беру – енді қылмыс. Мұндай әрекет «дропперлік» деп аталып, Қылмыстық кодекске 232-1-бап ретінде енгізілді.
Сонымен қатар заңда ұшып-қону кезінде әуе кемесіне әдейі лазерлік құрылғымен кедергі келтіргендерге қылмыстық жаза қарастырылған (ҚР ҚК 352-1-бап). Бұл норма – соңғы жылдары жолаушылар ұшағының экипажын лазермен көзін қарықтыру деректерінің жиілеп кетуіне байланысты енгізілген. Соңғы алты жылда осындай 98 оқиға тіркеліп, олардың басым бөлігі Алматы әуежайында орын алған.
Сонымен қатар, құжатта қудалау (сталкинг) мен адамды еріксіз некеге мәжбүрлеу де заңсыз әрекет ретінде қарастырылып, Қылмыстық кодекске сәйкесінше жаңа баптармен енгізілді (115-1 және 125-1 баптар).
Жаңа заң қылмыстық процестерді заманауи форматқа бейімдеуді де қамтиды. Енді істерді электронды түрде жүргізуге, беттестіруді онлайн өткізуге, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа байланысты істерді жәбірленушінің тұрғылықты жерінде қарауға мүмкіндік беріледі. Бұдан бөлек, тергеу барысында жасалған әрекеттер бір ортақ хаттамаға біріктірілетін болады.