Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Apple iPhone өндірісін екі елде қатар бастамақ

Apple iPhone өндірісін екі елде қатар бастамақ

27

Apple алғаш рет iPhone өндірісін Қытай мен Үндістанда қатар жүргізуді көздеп отыр. Бұл – технология алыбы үшін тың бетбұрыс әрі жаһандық өндіріс стратегиясындағы маңызды кезең.

The Economic Times жариялаған кедендік мәліметтерге қарағанда, маусым айында Apple-дің негізгі серіктесі Foxconn Үндістандағы зауыттарына iPhone үшін аса маңызды компоненттерді жеткізе бастаған. Олардың қатарында дисплей, қорғаныш әйнек, құрылғы корпусы және артқы камера модульдері бар. Бұл бөлшектер Foxconn компаниясының Қытайдан бір ай ішінде жеткізетін жалпы импорт көлемінің шамамен 10%-ын құрайды. Қалған бөлігі бұрыннан құрастырылып жатқан iPhone 14 және iPhone 16 үлгілеріне тиесілі.

Сала мамандары бұл жеткізілімдерді iPhone 17-нің алғашқы сынақтан өткізіліп жатқанын аңғартатын белгі деп отыр. Ал негізгі құрастыру жұмыстары тамыз айында басталып, жаңа құрылғы қыркүйекте көпшілікке ресми таныстырылуы мүмкін.

Мұндай шешім Apple-дің өндіріс ауқымын кеңейтіп, жеткізу тізбегін әртараптандыруға ұмтылысымен тікелей байланысты. DigiTimes басылымының дерегінше, компания Үндістандағы өндірістік әлеуетін арттыруды көздейді. Бұл бағытта Foxconn елдің өндірісті қолдауға арналған PLI бағдарламасының негізгі қатысушысы болып отыр.

Алайда Үндістандағы бұл бастама бірқатар қиындыққа да тап болған. Соңғы деректерге қарағанда, Foxconn-ның Үндістандағы зауыттарында еңбек еткен Қытайлық инженерлер жаппай елдеріне қайтуда. Олар зауытты жобалау, дәлдік қажет ететін құрастыру процесі және жергілікті жұмысшыларды оқыту сияқты маңызды жұмыстармен айналысқан.

The Economic Times тілшісі сөйлескен өндіріс саласындағы маман бұл жағдайға алаңдаушылық білдірді.

«iPhone 17 өндірісі микрондық дәлдікті қажет етеді. Мысалы, бір миллиметрге кеткен ауытқу өнімнің сападан өтпеуіне әкелуі мүмкін. Қытайлық инженерлер – осы технологияны енгізіп, жергілікті мамандарды оқытатын негізгі буын», – деді ол.

Сондай-ақ, дереккөздің айтуынша, Apple өндірістік кестені ұстанып отыр. Бұған дейін туындаған құрал-жабдық тасымалына қатысты қиындықтар да біртіндеп шешімін табуда.