Home Интернет и сеть Ratio – ғылымды баршаға түсінікті ететін жаңа желі

Ratio – ғылымды баршаға түсінікті ететін жаңа желі

33

Қазақстандық жас маман Маржан Қабдуахитова күрделі ғылыми мақалаларды жасанды интеллект көмегімен жеңіл тілге аударатын жаңа интернет-сервис ойлап тапты. Бұл жоба нақты ғылымдарды түсіндіруді TikTok-та видео қарау секілді қызықты әрі қолжетімді етуге бағытталған.

Жаңа бастама туралы Маржан өз әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Айтуынша, жоба идеясы алғаш рет Канадада оқып жүрген кезінде туған. Алайда жобаны жүзеге асыруды туған елінде бастауды жөн көрген. Себебі ауылдағы білімге ынталы балалардың көбіне қолдау жетіспейтінін байқаған.

Ratio – ғылымды баршаға түсінікті ететін жаңа желі

Нәтижесінде, Ratio жобасы дүниеге келді. Бұл — ғылыми мақалаларды тауып, оларды жасанды интеллект арқылы ықшам әрі түсінікті мәтіндерге айналдыратын жаңа форматтағы әлеуметтік желі. Негізгі мақсат — ғылымды мамандарға ғана емес, кез келген адамға қолжетімді ету. Ғалымдардың не туралы жазып жатқанын кез келген оқырман оңай түсінетіндей ету.

Қосымша ішінде қысқа әрі түсінікті тілмен жазылған мақалалар топтастырылған. Сонымен қатар, ғылымға қызығушылар бір-бірімен пікір алмаса алатын ортақ чат бар. Онда, мысалы, соңғы ғылыми жаңалықтардың медицинаға ықпалы немесе ғалымдардың роботтарды су астындағы жанартауларға не үшін жіберетіні туралы пікірталастар жүреді. Ал егер қолданушы үнсіз қалса, жүйе өзі-ақ қызығушылығына сай тақырып ұсынады.

Қазіргі уақытта қосымша тек ағылшын тілінде жұмыс істейді. Дегенмен алдағы уақытта қазақ және орыс тілдері де қосылады деп жоспарланып отыр.

Жаңа сервис шілде айында қолданысқа енгізіледі. Алғашқы сынақ Астанадағы халықаралық мектептерде өтпек, себебі бұл оқу орындарында білім беру ағылшын тілінде жүреді. Жоба командасы мұнымен шектеліп қалмай, қосымшаны жоғары интеллект иелері жиналатын халықаралық Mensa қауымдастығында сынап көрмек. Егер сол сынақтан өтсе, Ratio кез келген аудиторияға дайын екенін көрсетеді.

Қосымшаны қолдану тегін. Алайда кеңейтілген мүмкіндіктер мен жеке баптауларды пайдалану үшін ақылы нұсқа қарастырылған. Мысалы, жеке қызығушылыққа сай таңдалатын материалдар мен интерфейсті өз талғамына қарай реттеу сияқты функциялар қосылады. Сондай-ақ жоба жарнама арқылы да қаржыландырылмақ. Бұл тәсіл әлеуметтік желілерде бұрыннан қалыптасқан модельге ұқсас.