Home Технологиялар Ғаламтор және желі Батыс Қазақстан облысында интернет қолжетімділігі артып, цифрландыру қарқыны күшейіп келеді

Батыс Қазақстан облысында интернет қолжетімділігі артып, цифрландыру қарқыны күшейіп келеді

11

Батыс Қазақстан облысында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Интернет пен мобильді байланыс ауыл-аймаққа кеңінен таралып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев мәлімдеді.

Қазіргі таңда өңірдегі 405 елді мекеннің 355-і интернетпен қамтылған. Мобильді байланыс 93% ауылда қолжетімді. 2024 жылы 23 ауылға жаңа байланыс станциялары орнатылса, жыл соңына дейін тағы 28 ауылды қамту жоспарланған. Орал қаласының өзінде 5G желісін тарататын 74 станция жұмыс істеп тұр. 2027 жылға дейін облыстағы 220 ауылға талшықты-оптикалық интернет желісі тартылмақ.

Қалалық цифрлық инфрақұрылым да дамып келеді. Мемлекеттік органдардың сайттары бірыңғай bkogov.kz порталына біріктірілген. Өңір тұрғындарына тәулік бойы қызмет көрсететін iKomek109 байланыс орталығы жұмыс істейді. Қоғамдық орындарда бейнебақылау камералары мен өрттің алдын алуға арналған интеллектуалды жүйелер орнатылған.

Жыл басынан бері облыста 4 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген, оның 98 пайызы электронды форматта іске асқан. Тұрғындар мен кәсіпкерлер eGov.kz және egov.business порталдарын белсенді қолданып келеді. Онда бизнес иелеріне арналған 400-ден астам қызмет түрі бар.

Орал қаласында IT-Hub және Batys Hub стартап-алаңы жұмыс істейді. Цифрлық сауаттылықты арттыруға бағытталған курстардан 60 мыңнан астам адам өткен.

Нұрғиса Қамашевтың айтуынша, өңірдегі цифрландырудың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Заманауи технологиялар арқылы қызметтер қолжетімді, байланыс тұрақты, ал басқару үдерісі ашық әрі түсінікті бола түсуде.