Home Және басқа ақпараттар Және басқалары PNG форматына жаңа өзгеріс енгізілді

PNG форматына жаңа өзгеріс енгізілді

31

Соңғы 20 жылда алғаш рет PNG графикалық форматына ауқымды жаңарту енгізілді. Бұл өзгерістер – тек техникалық жетістік қана емес, қазіргі заман талабына сай икемделген маңызды қадам.

Енді бұл формат HDR сапасындағы суреттерді өңдеп, бастапқы қалпында сақтауға мүмкіндік береді. Бұл – жарық пен көлеңке арасындағы айырмашылық бұрынғыдан да анық көрінеді деген сөз. Тағы бір маңызды артықшылығы – суреттің сапасы артқанына қарамастан, файлдың көлемі сол баяғыша ықшам болып қалады.

Бұған қоса, анимациялық PNG — яғни APNG форматы ресми стандартқа қосылды. Осыған дейін бұл формат тек белгілі бір браузерлерде ғана жұмыс істейтін. Енді оны веб-дизайн мен медиаконтентте кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар.

Суретке қатысты қосымша мәліметтерді де бірге сақтауға болады. Мысалы, кадр қай уақытта, қай жерде және қандай құрылғымен түсірілгені автоматты түрде жазылады. Бұл мүмкіндік әсіресе кәсіби фотографтар үшін пайдалы.

Жаңартуды Google, Apple, Adobe, BBC сияқты ірі компаниялар мен халықаралық ұйымдардың мамандары бірлесе дайындаған. Қазірдің өзінде олар PNG форматының келесі буынын әзірлеп жатыр. Келешекте бұл формат кескінді өңдеу жылдамдығы мен сапасын одан әрі жақсартуға бағытталады.