Қазақстанда eGov Business мобильді қосымшасы жаңартылып, кәсіпкерлер үшін бұрынғыдан да ыңғайлы бола түсті. Енді бір ғана платформа арқылы жеке кәсіп ашуға, мемлекеттік қызметтерді алуға және салық міндеттемелерін бақылауға болады.
Қосымшада интерфейс жаңартылып, жұмыс жылдамдығы артты. Қолданушылар үшін пайдалы жаңа функциялар қосылған. Мәселен, енді Жеке кәсіпкер ретінде немесе ЖШС тіркеуге, компания туралы деректерге, лицензиялар мен филиалдар жайлы ақпаратқа оңай қол жеткізуге болады. Орнатылған салық күнтізбесі төлем мерзімдерін еске салып отырады, ал жасанды интеллектіге негізделген боттар әртүрлі жағдайда не істеу керектігін нақтылап береді.
Тағы бір маңызды жаңалық – тәуекелдерді басқару сервисі. Бұл жүйе мемлекеттік органдар тарапынан тексеріс болуы мүмкін екенін алдын ала ескертіп, кәсіпкердің дайын болуына мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы құралдың бірі – цифрлық сенімхат. Енді заңды тұлға атынан берілетін сенімхатты электронды цифрлық қолтаңба арқылы онлайн рәсімдеуге болады.
Бүгінгі таңда қосымша 32 түрлі қызметті ұсынады және өзге веб-платформалармен біріктірілген. Алдағы уақытта әзірлеушілер ашық интеграция арқылы үшінші тараптың сервистерін де қосу жоспарын айтып отыр.
Жоба Цифрлық даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп іске асырған.
Жаңартылған eGov Business – шағын және орта бизнес иелеріне уақытты үнемдеп, мемлекетпен қарым-қатынасты жеңілдететін тиімді шешім.