Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар Ресейге жол тартқысы келгендер қандай жаңа талаптарға дайын болуы тиіс?

Ресейге жол тартқысы келгендер қандай жаңа талаптарға дайын болуы тиіс?

16

2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресей визасыз кіретін ТМД елдерінің азаматтары үшін жаңа ереже енгізеді. Енді Қазақстан азаматтары, оның ішінде 6 жастан асқан балалар да, шекарадан өтерден 72 сағат бұрын арнайы RuID қосымшасына тіркеліп, саусақ іздерін тапсыруы қажет.

Бұл өзгеріс ең алдымен Ресеймен тығыз байланыста жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлерге, әсіресе шекара маңындағы өңірлердегі шағын және орта бизнеске қиындық туғызуы мүмкін. Жаңа талаптар әкімшілік шығынды арттырып қана қоймай, шекарадан өту уақытын да ұзартады.

Енді жүк пен жолаушылар қатынасын қамтамасыз ететін компаниялар әр сапар сайын жүргізушілерді алдын ала тіркеуге тиіс Бұл көлік компанияларына қосымша ауыртпалық әкеліп, жеткізілім уақытының кешігуіне себеп болуы мүмкін. Кәсіпкерлер бұл өзгерістерді «артық бюрократия» деп бағалап отыр.

« Біз Ресей зауыттарына өнім жеткіземіз. Енді әр жүргізуші RuID қосымшасына тіркеліп, QR-код алуға мәжбүр. Жүк тасымалы күшейіп, көлік тапшылығы байқалатын уақытта мұндай талаптар кәсіпкерлер үшін елеулі кедергіге айналуы мүмкін. Қазірдің өзінде күріш пен көкөністі жеткізуде қиындықтар туындап жатыр, — дейді «Абзал и К» компаниясы директорының орынбасары Айгүл Космуратова.

Кәсіпкерлердің айтуынша, цифрлық рәсімдерге барлық жүргізуші дайын емес. Қосымшада дерек толтыру, растау алу уақыт алады. Бұл — шекарадағы кезекті көбейтіп, келісімшарттық міндеттемелердің орындалуына кері әсер етері анық.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин де бұл талаптың Еуразиялық экономикалық одақ қағидаттарына сай еместігін алға тартады. Одақ шеңберінде тауар мен қызметтің еркін қозғалысы қарастырылған. Ал жаңа талаптар – осы еркіндікке қойылған шектеу іспеттес.

Қазақстан азаматтарының Ресей аумағында еркін қатынауына қойылатын шектеу де күшейді. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтарға Ресей аумағында бір жыл ішінде небәрі 90 күнге дейін ғана қалуға рұқсат етіледі. Бұған дейін бұл шектеу 180 күннің ішінде 90 күн болатын. Енді маусымдық жұмысқа бару, ұзақ мерзімді іссапарлар мен кәсіби жобаларға қатысу мүмкіндігі шектеле түседі.

Бұл өзгерістерге байланысты Қазақстан тарапы жауапты шараларды қарастырып жатқаны айтылғанымен, әзірге ресми ұстаным немесе нақты шешім жарияланған жоқ.