Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстандық ІТ-мамандар әскерге арналған цифрлық қалқан әзірлеуге кірісті

Қазақстандық ІТ-мамандар әскерге арналған цифрлық қалқан әзірлеуге кірісті

11

Қазақстан Қарулы күштерінің киберқауіпсіздігін күшейту мақсатында елдегі ІТ-мамандар, технологтар және цифрлық қауіпсіздік саласындағы кәсіпкерлер бір алаңда бас қосты. Іс-шараны Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан ГИС орталығы» АҚ ұйымдастырды.

Кездесу барысында Қарулы күштер жанынан арнайы киберқауіпсіздік кеңесін құру және ІТ-сала өкілдерімен бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу мәселелері қаралды.

«Жуырда Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қарулы күштерді цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін баса айтты. Осы орайда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі ерекше назарға алынды. Бүгінгі кездесудің мақсаты – деректерді қорғау саласында бірлесе әрекет етудің жолдарын айқындау», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Қорғаныс ведомствосы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. ЖОО-лармен және технологиялық компаниялармен әріптестік орнаған. Ел көлемінде хакатондар мен кибероқулар ұйымдастырылып, төтенше жағдайдағы шабуылдарға қарсы әрекет ету сценарийлері пысықталып жатыр.

Кездесу барысында қатысушылар өз жобаларымен бөлісті. Мәселен, iBatyr компаниясының маманы Виталий Ли деректердің сыртқа шығуын болдырмауға бағытталған шешімін таныстырса, MSSP Global өкілі Медет Турин цифрлық кеңістіктегі кибергигиена мәселесін көтерді.

Іс-шара қорытындысында айтылған ұсыныстар мен бастамалар зерттеліп, қорғаныс саласы мен ІТ-қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықтың жол картасына енгізілмек.