Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі дүниесінің алтын бесігі» этнофестивалі аясында саяхатшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа технология таныстырылды. Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп, туристерді цифрлық тіркеу жүйесін іске қосты.
Енді танымал бағыттарда, қонақүйлер мен визит-орталықтарда арнайы QR-кодтар орнатылған. Турист сол кодты смартфонмен сканерлеп, өзінің бағыты, аялдау уақыты мен байланыс мәліметтері туралы ақпаратты оңай қалдыра алады. Бұл деректер құтқару қызметінің кезекші бөліміне бірден түседі. Егер тауда немесе орманда төтенше жағдай бола қалса, мамандар жедел әрекет ете алады.
Саяхат аяқталған соң турист тіркеуді өздігінен аяқтай алады немесе құтқарушылардың бақылау қоңырауын күтеді. Жүйе қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істейді. Бұл мүмкіндік шетелдік қонақтар үшін де ыңғайлы.
Фестиваль аясында Германиядан келген туристер осы жаңа жүйені қолданып көріп, қауіпсіздік пен қонақжайлылыққа жоғары баға берді.
«Мұнда өзімді толық қауіпсіз сезінемін. Адамдар өте ілтипатты әрі жылы қабылдайды», – деп олардың бірі өз әсерімен бөлісті.