Мемлекеттік қызметтерге арналған eLicense.kz порталында лицензиялар мен рұқсаттарды алу процесін жеңілдететін жаңа мүмкіндік пайда болды. Енді жоғары білім туралы мәліметтер Жоғары білімнің бірыңғай порталы (ЖББП) арқылы автоматты түрде жүктеледі.
Жаңартылған жүйе құжат рәсімдеуге кететін уақытты үнемдеп, мәліметті қолмен енгізуді қажет етпейді. Соның нәтижесінде жиі орын алатын техникалық қателіктердің де алдын алуға болады
Қазір өтінім формаларын толтырғанда оқу орны, мамандық атауы және дипломның берілген күні сияқты деректер ЖББП жүйесінен тікелей алынады. Бұл жаңарту медициналық қызметке лицензия беруден бастап, шетелдік дәрігерлерге сертификат рәсімдеу, қару-жараққа рұқсат алу және атом энергетикасы нысандарын басқаруға дейінгі бірқатар мемлекеттік қызметке тікелей ықпал етеді.
Жоғары білім туралы мәліметтердің автоматты түрде жүктелуі бірқатар қызметті рәсімдеуді жеңілдетеді. Атап айтқанда, бұл – медициналық қызметке лицензия алу, мамандар мен шетелдік дәрігерлерге сертификат беру, қаруды иеленуге, сақтауға және пайдалануға рұқсат рәсімдеу, ату алаңдарын ашып, пайдалануға мүмкіндік алу, сондай-ақ қаруды өндіру, жөндеу және сату ісін лицензиялау. Бұған қоса, бұл жаңашылдық атом энергетикасы нысандарының бүкіл өмірлік кезеңін басқару үдерісін де қамтиды.
Цифрландыру бастамасы – мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі. Жобаны іске асыруға Цифрлық даму министрлігі, Мемлекеттік қызметтер комитеті, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ атсалысты.
Жаңа функция өтінім беру процесін тек ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар қағаз құжаттар мен қолмен жазылатын бюрократиядан біртіндеп бас тартуға бағытталған маңызды қадам саналады.