Home Технологиялар Ғаламтор және желі Кентау студенті оқушыларға арналған бірегей оқу құрылғысын жасады

Кентау студенті оқушыларға арналған бірегей оқу құрылғысын жасады

11

Кентау политехникалық колледжінің төртінші курс студенті Ұлықбек Бахтияров мектеп оқушыларына арналған ерекше оқу құрылғысын құрастырды.« ASAR-1» деп аталатын бұл стенд – болашақ инженер мамандарды даярлауға арналған көпсалалы оқу құралы.

ASAR-1 стенді техникалық және инженерлік бағыттағы 13 түрлі саланы біріктіреді. Оқушылар бұл құрылғы арқылы электроника, автоматика, бағдарламалау және мехатроника секілді бағыттармен танысып, практикалық тапсырмалар орындай алады. Бұл өз кезегінде, мамандықты саналы түрде таңдауға жол ашады.

Құрылғы құрамында 22 түрлі датчик пен электронды компонент бар. Олардың қатарында температура мен ылғал өлшейтін DHT11 сенсоры, дыбыс датчигі, газ ағып кетуін анықтайтын сенсор, RFID модулі, Bluetooth және Wi-Fi модульдері, ультрадыбыстық қашықтық өлшегіш, сервомоторлар, дисплей, жарықдиодтар және реле сынды элементтер бар.

«Менің мақсатым – оқушыларға болашақ мамандығын ертерек таңдауға мүмкіндік беру. Олар тек армандап қоймай, нақты әрекет ете бастаса деймін», – дейді жобаның авторы Ұлықбек Бахтияров.

Оның айтуынша, құрылғыны жасауға алты ай уақыт кеткен. Бұл – үздіксіз инженерлік ізденістер мен тәжірибе негізінде дүниеге келген еңбек. ASAR-1 құрылғысы елде жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ерекше маңызға ие болып отыр. Ол ауыл мектептерінен бастап, ірі қалалардағы оқу орындарына дейін кеңінен қолданылып, техникалық мамандықтардың беделін көтеруге және жастардың ерте кәсіби бағдарлануына үлес қоса алады.