Электронды сауда – бүгінгі әлемдік экономиканың қарқынды дамып жатқан салаларының бірі. Ол шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, шекарадан тыс сауда айналымын жандандырып, сауда инфрақұрылымын цифрлы жаңғыртуға серпін беріп отыр.
Қазір әлем халқының шамамен 30 пайызы тауарды онлайн сатып алады. 2024 жылы жаһандық электронды сауда нарығының көлемі 6,3 триллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 8,3 триллионға дейін өсуі мүмкін.
Қазақстан цифрлы сауданы экономиканы әртараптандырудың, экспортты дамытудың және жаһандық құн тізбегіне ену жолының стратегиялық бағыты ретінде қарайды. Ел сыртқы сауда операцияларына қағазсыз, заманауи тәсілдерді енгізу бағытында қарқынды қадамдар жасап келеді. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді.
«Соңғы жылдары бұл салада нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Мәселен, қызметтер саудасы бойынша тапшылық 2016 жылғы 3,65 миллиард доллардан 2023 жылы 1,81 миллиард долларға дейін қысқарды. Бұл – цифрлы және сервистік экономиканың дамуын көрсететін нақты көрсеткіш»,- деді ол.
Электронды саудадағы өсім де байқалады. 2020 жылдан бері оның көлемі 5 есе артқан.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі электронды сауданың көлемі 3,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жалпы бөлшек сауда айналымының 14,1 пайызын құрайды. Бізде әлі де өсуге мүмкіндік бар – интернетке кең қолжетімділік, дамыған финтех жүйесі мен 8 миллионнан астам белсенді жас қолданушы бар. Сондықтан 2029 жылға қарай электронды сауда үлесін 18,5 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл – қазіргі деңгейден шамамен үш есе көп», – деді вице-министр.
Осы мақсатта биыл наурызда электронды сауданы дамыту жоспары бекітілді. Құжат 2027 жылға дейінгі нақты қадамдарды қамтиды.
Басты басымдықтар қатарында заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлерге арналған оқу бағдарламаларын іске қосу, қаржылай қолдау тетіктерін енгізу және логистикалық инфрақұрылымды дамыту бар.
Заңнамалық бастамалар аясында тұтынушы құқығын қорғау – ең әлсіз тұс ретінде ерекше назарда. Онлайн және офлайн саудада бірдей талаптар болуына басымдық беріледі. Сауда алаңдары мен сатушыларға қойылатын талаптар тепе-теңдікпен реттелмек.
Қазақстан трансшекаралық электронды сауданы дамыту бағытындағы халықаралық бастамаларға да белсенді қатысып отыр.
«Цифрлы сауданың дамуы – жай ғана технологиялық үрдіс емес. Бұл – инклюзивті, өзара байланысқан әрі орнықты болашаққа бастар жол. Бұл жолда ешбір ел шет қалмауы тиіс. Біз халықаралық серіктестік пен тәжірибе алмасудың, ең үздік тәсілдерді бөлісудің арқасында өңірлік деңгейде цифрлы, интеграцияланған және тұрақты орта қалыптастыра аламыз», – деді Әсет Нүсіпов.