Home Робот пен дрондар,ЖИ Енді жасанды интеллект адаммен еркін сөйлесе алады

Енді жасанды интеллект адаммен еркін сөйлесе алады

11

Қоңырау шалғанда үнсіз қалатын роботтар сізге де таныс шығар? Мұндай салқын үзілістер енді өткеннің еншісінде. Phonely, Maitai және Groq компаниялары бірлесіп, жасанды интеллект негізіндегі дауыс жүйелерін анағұрлым жылдам әрі нақты етіп жетілдірді.

Жаңа шешімнің арқасында роботтың алғашқы жауап беру уақыты төрт есеге қысқарып, бұрынғы 661 миллисекундтың орнына енді бар болғаны 176 миллисекундта жауап береді. Бұған қоса, жауаптың дәлдігі 81,5%-дан 99,2%-ға дейін артты. Енді роботтар сұрақты тез түсініп, кідірмей жауап қайтара алады.

Мұндай жетістікке жетуге Groq компаниясының арнайы чиптерге негізделген технологиясы түрткі болған. Ол әр сұранысқа ең тиімді нейрожүйені жылдам таңдап, өңдеуді тежемей жүргізуге мүмкіндік береді. Maitai осы үлгілердің қайсысы нақты жағдайда жақсы нәтиже беретініне жауапты болса, Groq оны қуатты құрылғылар арқылы дереу іске қосады. Бұл жүйе өз-өзін үнемі жетілдіріп отырады.

Нәтижесінде, Phonely компаниясының серіктестерінің бірі 350-ге жуық операторды жасанды интеллектіге ауыстыруға дайын екенін мәлімдеді. Ал сапалы клиент өтініштері 32%-ға артқан.

Бұл – жасанды интеллектінің байланыс саласында нақты пайдасын дәлелдейтін кезекті қадам. Ал сіз болашақта телефон тұтқасының ар жағында адамның не роботтың тұрғанын айыра алмай қалуыңыз мүмкін.