Home Кәсіби маман Аналитика Қытай жасанды интеллект қуаты жағынан АҚШ-пен теңесті

Қытай жасанды интеллект қуаты жағынан АҚШ-пен теңесті

22

Қытайдың жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың екінші тоқсанында жергілікті жасанды интеллект жобалары 12,3 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – өткен тоқсанмен салыстырғанда 27 пайызға көп әрі соңғы екі жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы америкалық Artificial Analysis сарапшылары дайындаған «State of AI: China Q2 2025» есебінде айтылған.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Қытай бүгінде әлемдегі ең қуатты жасанды интеллект жүйелері бойынша АҚШ-пен теңесті, ал ашық қолжетімділіктегі үлгілер бағытында алдыға шықты. Мұның өзі Қытай компаниялары шетелдік алпауыттар секілді жоғары өнімді чиптер мен арнайы құралдарға еркін қол жеткізе алмай отырған жағдайда да қол жеткізілген нәтиже.

Сарапшылар Қытайда жасанды интеллект экожүйесі тереңдеп, үздіксіз жаңашылдықпен дамып жатқанын айтады. Мысалы, DeepSeek пен Alibaba бірнеше апта ішінде шетелдік нұсқаларға балама модельдер жасап, олардың сапасы кей жағдайда басып озады. Қазірдің өзінде ByteDance, Tencent, Moonshot, Xiaomi, Baichuan, MiniMax секілді оннан аса қытайлық зертхана жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленетін жүйелерін таныстырып үлгерді.

Өсімнің негізгі қозғаушысы – мемлекеттік қолдау. Билік генеративті жасанды интеллект, автономды жүйелер және өндірістік шешімдерге қомақты қаржы бөліп отыр. Сонымен қатар, реттеушілік шектеулерді жеңілдету арқасында стартаптар технологияларын еркін сынап, жылдам енгізе алады.

Санкциялар мен шетелдік бағдарламалық қамтамасыз етуге тәуелділікке қарамастан, Қытай өз жүйелерін дамытып, балама шешімдер ұсынып келеді. Ірі компаниялардың 65 пайызы отандық технологияларға көшкен – бұл 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім.

Мамыр айындағы дерекке сүйенсек, DeepSeek R1 0528 моделі Қытайдағы ең қуатты жүйе атанып отыр. Ол Alibaba компаниясының Qwen3 235B A22B моделінен озық. Екі компания да өз жүйелерін ашық негізде ұсынып, оларды тек Қытайда ғана емес, шетелде де пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

DeepSeek R1 0528 интеллект деңгейі бойынша Google-дің Gemini 2.5 Pro, xAI, Meta, Anthropic секілді ірі жүйелермен бір қатарда тұр. Мұндай үлгілер өндірісті оңтайландыру, сұранысты болжау және жеткізу тізбегін басқару секілді маңызды салаларда кеңінен қолданылып жатыр. Мәселен, Қытайдың автоөнеркәсіп және электротехника салаларында ЖИ енгізу шығынды 15-20 пайызға қысқартқан.

Дегенмен, мәтіннен бейне жасау немесе суреттен видео жасау бағытында әзірге америкалық жүйелер алда, Қытай екінші орында келеді.

Сарапшылар егер DeepSeek компаниясы да өз бәсекелестері секілді қуатты өңдеу құралдарына толық қол жеткізсе, бұдан да жоғары нәтижелер көрсетер еді дейді. Қазірдің өзінде DeepSeek R2 жаңа буындағы жүйесі дайындалып жатыр, ол 2025 жылдың соңында таныстырылады деп күтілуде.

Жалпы алғанда, Қытай инвестиция көлемі бойынша АҚШ-тан кейінгі орында тұр, бірақ айырмашылық жыл өткен сайын азайып келеді. Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін Қытай әлемде ЖИ қаржыландыруы бойынша екінші орынға көтерілуі мүмкін.

Бұл мәліметтер сәуір айындағы Стэнфорд университетінің есебімен де сәйкес келеді. 2023 жылы Қытай мен АҚШ жүйелері арасындағы тест нәтижелеріндегі айырмашылық айқын болса, 2024 жылдың соңына қарай ол іс жүзінде жойылды. Қытай ғылыми жарияланымдар мен ЖИ бойынша патенттер саны жағынан әлемде көш бастап отыр. Дегенмен, жеке инвестициялар көлемі мен ауқымды модельдер саны бойынша АҚШ әзірге алда.