Ішкі істер министрлігіне қарасты киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, азаматтардың жеке мәліметтері мемлекеттік деректер базаларынан заңсыз алынып, Telegram-арналар арқылы таратылған. Бұл ақпарат кейбір коллекторлық компанияларға да берілген.
«Аталған іске қатысты 140-тан астам адам ұсталды. Олардың арасында компания иелері мен Telegram-арналардың әкімшілері бар. Қазір бес күдікті қамауға алынды», — деді Жандос Сүйінбай.
Тексеру барысында коллекторлық ұйымдардың кеңселерінен 400-ден астам компьютер және өзге де электронды техника тәркіленген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша тергеліп жатыр. Атап айтқанда:
205-баптың 3-бөлігі – ақпаратқа заңсыз қол жеткізу;
147-баптың 5-бөлігі – жеке өмірге қолсұғушылық және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу;
211-баптың 3-бөлігі – шектеулі қолжетімділігі бар электрондық ресурстарды заңсыз тарату.