Home Технологиялар Инновациялар Anthropic компаниясы Claude атты көмекшісіне дауыс мүмкіндігін енгізе бастады

Anthropic компаниясы Claude атты көмекшісіне дауыс мүмкіндігін енгізе бастады

24

Жасанды интеллект саласында танымал Anthropic компаниясы Claude атты көмекшісіне дауыс мүмкіндігін енгізе бастады. Енді қолданушылар Claude-пен жай ғана жазба арқылы ғана емес, тікелей сөйлесе алады. Жаңа мүмкіндік алдымен мобильді қосымшада іске қосылып отыр.

Жаңа функцияны сынау наурыз айында басталған болатын. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Amazon және ElevenLabs стартабымен бірлесіп жұмыс істелді. Қазіргі таңда дауыс арқылы тілдесу тек ағылшын тілінде қолжетімді, алайда компания алдағы апталарда басқа тілдердің де қосылатынын мәлімдеді.

Қолданушыларға Claude-тің бес түрлі дауыс нұсқасы ұсынылады. Сонымен қатар, Claude тек тілдесіп қана қоймай, құжаттармен, суреттермен жұмыс істей алады. Тегін жазылушыларға күніне 20–30-ға дейін әңгіме жүргізуге мүмкіндік берілсе, ақылы жазылым иелеріне кеңейтілген мүмкіндіктер ашылады. Мысалы, олар Claude-ті Gmail, күнтізбе секілді Google Workspace қызметтерімен байланыстыра алады. Ал Google Docs-қа қолжетімділік тек корпоративтік жазылымда қарастырылған.

Маңызды жаңалықтың бірі — Claude-тің интернеттен ақпарат іздеу мүмкіндігі енді барлық қолданушыға ашық. Бұған дейін бұл тек ақылы жазылым иелеріне ғана қолжетімді еді. Енді Claude қажет жағдайда дербес түрде іздеу жүргізіп, қажетті ақпаратты тауып, оның қайдан алынғанын нақты көрсетіп отырады.

Claude — мәтін жазу, диалог жүргізу және ақпаратты өңдеу үшін жасалған интеллектуалды көмекші. Жобаның басты ерекшелігі – қауіпсіздік пен жауапкершілікке басымдық беру. Anthropic компаниясы бұл өнімді 2021 жылы негізін қалаған бауырлар – Дарио мен Даниэла Амодейдің бастамасымен әзірлеп шығарған.