Home Технологиялар Ғаламтор және желі АҚШ мектептерінде оқушылар ноутбуктарды әдейі сындырып, TikTok-та жарыс ұйымдастыруда

АҚШ мектептерінде оқушылар ноутбуктарды әдейі сындырып, TikTok-та жарыс ұйымдастыруда

10

АҚШ мектептерінде оқушылар арасында жаңа әрі даулы TikTok-челлендж белең алуда. «Chromebook Challenge» деп аталатын бұл «ойынның» шарты – мектептен берілген ноутбуктарды әдейі бұзу, оны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеу.

Оқушылар хромбуктарды қасақана зақымдаудың түрлі әдісін ойлап тапқан: біреулері құрылғыны жерге ұрып сындырады, енді біреулері желдеткіш саңылауларына бөгде заттарды тықпалап, техниканы істен шығарады. Тіпті кей видеоларда құрылғының түтіндеп, отқа оранып жатқан сәттері де кездеседі – мұндай жағдайлар «челлендждің ең сәтті нәтижесі» ретінде бағаланады.

Бұл әрекеттер кей жағдайда қауіпті салдарға да әкелуде. Бірқатар мектептерде ноутбуктардың өртенуіне байланысты оқушыларды эвакуациялауға тура келген. Ал бір оқушы хромбуктан шыққан түтінмен уланып, ауруханаға жеткізілген.

АҚШ мектептерінде оқушылар ноутбуктарды әдейі сындырып, TikTok-та жарыс ұйымдастыруда

Мұндай жағдайлардан соң бірқатар штат билігі дереу шара қабылдап, мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. TikTok платформасы да аталған челлендж атауымен жарияланған видеоларды бұғаттап жатыр.

TikTok әкімшілігі де жағдайға араласып, «Chromebook Challenge» деген атаумен немесе соған ұқсас хэштегтермен жарияланған видеоларды бұғаттауда. Алайда мамандардың айтуынша, бұл жеткіліксіз. Себебі жасөспірімдер мұндай «сынақтарды» жаңа атаумен қайта жүктеуі ықтимал.

Психологтар мұны балалардың желіде көзге түсуге, танымал болуға ұмтылуымен байланыстырады. Ал мұндай әрекеттер мектеп мүлкіне зиян келтіріп қана қоймай, оқушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Білім саласындағы сарапшылар ата-аналар мен мұғалімдерге балалардың онлайн мінез-құлқын жиі бақылап, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет екенін айтады. Себебі бұған ұқсас “челлендждер” алдағы уақытта да қайталануы мүмкін.