Home Аналитика Қазақстан IT саласы бойынша көш бастамақ

Қазақстан IT саласы бойынша көш бастамақ

7

Елдегі инновациялық жүйені дамытуға 14 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

Қазақстан алдағы үш жылда ақпараттық технологиялар саласында серпін беріп, цифрлық қызметтердің экспортын еселеп арттыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта 2025–2027 жылдар аралығында 13,8 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы LS басылымы хабарлады.

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл қаржы еліміздегі инновациялық орта мен технологиялық әлеуетті күшейтуге бағытталады. Жыл сайын 4,6 миллиард теңгеден бөлініп, отандық стартаптар мен жаңа жобаларға қолдау көрсетілмек.

Жоспарға сай, ұлттық инновациялық жүйенің жұмысын жандандыру үшін маңызды технологиялар іріктеліп, оларды игеру жолдары қарастырылады. Сонымен қатар, жаңа өнім түрлерін жасап шығаруға бейім ұйымдарға нақты көмек беріледі.

Атап айтқанда, жыл сайын 20 инновациялық жобаға грант бөлініп, инвесторлар тарту, технологияны нарыққа енгізу және коммерциялау ісі жолға қойылады.

Елордада орналасқан Astana Hub базасындағы жас кәсіпкерлер мен IT мамандардың бастамалары да назардан тыс қалмайды. Биыл осы хаб қатысушыларының шетелге сататын цифрлық қызмет көлемі 150 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Ал 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 170 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл бастама тек экономикалық табыс әкеліп қоймай, еліміздің зияткерлік әлеуетін де нығайтады. Бастысы – технологияны тұтынушы ел емес, өндіруші елге айналу.

Бекзада ИШЕКЕНОВА