Home Технологиялар Ғаламтор және желі Халықаралық олимпиадада Саран қаласының оқушылары үздік атанды

Халықаралық олимпиадада Саран қаласының оқушылары үздік атанды

23

Түркияның Анталия қаласында өткен Fibonacci EuroAsia Robot Olympiad халықаралық олимпиадасында Саран қаласының оқушылары үздік атанды. Қарағанды облысындағы №17 мектеп-гимназиясының 9 жасар Антон Евсеев пен Тимур Каримов робофутбол санатында бірінші орынды иеленді.

Жас жеткіншектер екі жарым жылдан бері робототехникамен шұғылданып келеді. Олардың табандылығы мен қызығушылығы бүгінде айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Олимпиадаға Әзірбайжан, Иран, Молдова, Филиппин, Түркия, Қазақстан және өзге елдерден келген оқушылар қатысқан.

«Сырт көзге қарапайым джойстикпен роботты басқару оңай көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бәрі күрделірек. Балаларға нақты өлшем, салмақ және конфигурация талаптарына сай робот құрастыруға тапсырма берілді. Кейін робот пен басқару тетігі арнайы бағдарламаланады. Мәселен, «солға бұрыл» деген бұйрыққа робот нақты әрекет етуі тиіс. Бұл – әсіресе тоғыз жастағы балалар үшін үлкен еңбек, – дейді №17 мектеп-гимназиясының робототехника пәні мұғалімі әрі оқушылардың жаттықтырушысы Әсел Ақшалақова.

Түркиядағы бәсекеде оқушылардың жасқанбай, еркін ойнауына өткен жарыстардағы тәжірибесі себеп болды, – дейді жаттықтырушы. Бұған дейін олар RoboLand пен FIRST LEGO League байқауларында өнер көрсеткен.

«Мен балаларды жарыстарға жиі апарып, оларға түрлі қалалар мен мектептерді көрсеткім келеді. Себебі олар өздерін НЗМ, IT-лицей немесе Нұрмақов атындағы мектеп оқушыларымен тең дәрежеде, тіпті кейде артық екенін білсе деймін. Алғашқыда ұяңдық байқалса, қазір оның ізі де жоқ. Қазір олар нақты мақсат қойып, тырысып еңбек етсе, бәріне қол жеткізуге болатынын түсінеді. Мен оларға білім мен қажырлы еңбектің әлемге жол ашатынын дәлелдегім келеді»,- дейді ұстаз.

Оқушылардың жетістігіне мектептегі заманауи робототехника және информатика кабинеттерінің жақсы жабдықталуы да оң әсер етіп отыр.

Алда Антон мен Тимурды Италияда өтетін Fibonacci олимпиадасының дүниежүзілік кезеңі күтіп тұр.