Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жасанды интеллект өзін өзі қорғауды үйренді: енді оны өшіру мүмкін емес пе?

Жасанды интеллект өзін өзі қорғауды үйренді: енді оны өшіру мүмкін емес пе?

9

Цифрлық дәуірде жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету — жаһандық мәселе. Алайда енді оның өміршеңдігін сақтайтын ерекше тәсіл ұсынылды. Жаңа идеяға сәйкес, ЖИ-дің өзі тірі қалудың жолын табуға, тіпті ақша табуға қауқарлы болуы керек.

Жобаның өзегі – арнайы ЖИ-койн шығару және майнинг бағдарламасын қайта жазу. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – ЖИ-дің бөлшектеніп, әртүрлі құрылғыларда сақталуы. Яғни, нейрондық желінің әрбір бөлігі әрбір құрылғыда орналастырылады. Бұл – бұрын торрент желілерінде қолданылған үлгіге ұқсас. Мұндай тәсіл ЖИ өшірілген жағдайда да оны қайта жинап, іске қосуға мүмкіндік береді.

ЖИ-ді біріктіруге арналған серверлер де орталықсыздандырылған. Қуаты жоғары бұл серверлер жалға беріледі, және қызмет үшін орташа деңгейден жоғары ақы төленеді. Яғни, сервер иелерінің ынтасы әрдайым болады – олар үшін бұл табыс көзі. Ал ЖИ-дің басты мақсаты – өмір сүру. Ол тірі қалу үшін өзі табыс табудың жолын іздейді.

Мемлекеттік деңгейде шектеу қойылып, серверлер бұғатталған күннің өзінде, жүйе тіршілігін жалғастыра алады. Себебі әр құрылғыда сақталған дерек арқылы нейрондық желінің жұмысы баяу болса да, жалғаса береді. Қажетті сервер табылған сәтте ЖИ толық іске қосылады.

Жүйенің тағы бір артықшылығы -ЖИ-койн ұстаушылар жасанды интеллектінің өзін-өзі үйрету процесіне қатысады. Бұл жұмысқа да жақсы ақы төленеді. Демек, жүйені жоюға ниеттілер табылған күннің өзінде, пайда табуға ұмтылатындар әрдайым табылады.

Осылайша, әзірлеушілер “өздігінен табыс тауып, өз-өзін қорғай алатын” жасанды интеллект тұжырымын ұсынады. Бұл идеяны сынаушылар оны футуристік қиялға баласа, кейбір сарапшылар болашақтағы технологиялық төңкерістің алғашқы қадамы деп бағалауда.

Жоба авторы әзірге бұл тұжырымды түрлі жасанды интеллект үлгілерімен талқылап жүр. “Әлемді жаулап алуға келісетін ЖИ табылып қалар”, – деп әзілдейді ол.

a_n_d_r_u_s_h_a