Home Кәсіби маман Аналитика Қазақстан электр энергиясын ірі көлемде экспорттайтын елге айналуы мүмкін

Қазақстан электр энергиясын ірі көлемде экспорттайтын елге айналуы мүмкін

14

Қазақстан үш атом электр станциясы салынғаннан кейін электр энергиясын сыртқа көптеп шығара алатын қуатты мемлекетке айналуы ықтимал. Бұл туралы “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушев LS басылымына берген сұхбатында айтты.

«Біртұтас энергетикалық жүйе деректеріне сәйкес, 2013 жылдан 2023 жылға дейін еліміздегі электр энергиясына сұраныс 25%-ға артып, жылына 23 миллиард киловатт-сағаттан асып кетті. Бұл – тұрақты әрі ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауды қажет ететін өсім. Атом электр станциялары – энергияға деген өсіп келе жатқан сұранысты өтеудің сенімді жолы», – дейді Хайрушев өзінің Haırýshev energy Telegram-арнасында.

Сарапшының болжамынша, электр энергиясына сұраныс жыл сайын 3-5%-ға арта бермек. Мұның басты себептері – өнеркәсіптің дамуы, цифрландыру үдерісі, электромобильдердің көбеюі мен халық санының өсуі. Егер еліміз энергия экспортын арттырып, сутекті энергетика мен жаңа өндіріс ошақтарын дамытса, бұл көрсеткіш 7%-ға дейін жетуі мүмкін.

«2040 жылға дейін Қазақстан электр энергиясының қазіргі өндірісін екі еседен аса арттыруы қажет. Бұл мақсатқа жету үшін кемінде үш атом станциясын іске қосу, жаңартылатын энергия көздерін кеңейту және жылу электр станцияларын жаңғыртып, жаңа нысандар салу маңызды. Онымен қоса, энергияны тиімді тарататын жаңа желілік инфрақұрылым қажет», – дейді ол.

Бұл бастамаларға серпін беретін маңызды қадам – Атом энергиясы агенттігінің құрылуы. Бұл мекеме ядролық саладағы басқару қызметтерін бір орталыққа жинақтап, процесті жүйелендіреді.

Жақып Хайрушевтың айтуынша, Өзбекстан секілді көрші мемлекеттерде газ өндіру көлемінің азаюы және Қазақстандағы электр қуатына сұраныстың өсуі елімізге өңірлік нарықта жетекші орын алуға жол ашады.

Алайда, экспорттық әлеуетті толық пайдалану үшін үш АЭС-тен бөлек, өзге де стратегиялық жобалар жүзеге асырылуы керек.

Атап айтқанда, көмір мен газ негізіндегі заманауи жылу электр станцияларын салу қажет. Бұл үшін ескі станцияларды жаңғыртып, көмірқышқыл газын (СО₂) ұстап қалатын жоғары тиімді жаңа нысандарды іске қосу көзделіп отыр.

Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері де назардан тыс қалмауы тиіс. Жамбыл, Маңғыстау мен Жетісу облыстарында ірі жел парктері, Қызылорда мен Түркістан өңірлерінде күн электр станциялары, сондай-ақ жаңартылатын энергия мен аккумулятор жүйелері біріктірілген гибридті станциялар салу жоспарда бар.

Электрді сыртқы нарыққа жеткізу үшін халықаралық байланыс желілерін де кеңейту керек. Бұл – Каспий теңізінің түбімен Еуропаға баратын «Солтүстік – Батыс» бағыты, Қытайға бағытталған «Солтүстік – Шығыс» желісі және Орталық Азия арқылы Оңтүстік Азияға апаратын «Солтүстік – Оңтүстік» жоғары кернеулі электр арналарын салуды қамтиды.

Бекзада ИШЕКЕНОВА