Жапонияның Elecom компаниясы қуат сақтау технологиясында жаңа белеске қадам басып, әлемдегі алғашқы коммерциялық натрий-ионды пауэрбанкін нарыққа шығарды. «DE-C55L-9000» деп аталатын құрылғының сыйымдылығы – 9 000 мА·сағ. Ол 45 Вт қуат беретін USB Type-C және 18 Вт USB Type-A ұяшықтарымен, сондай-ақ қуат деңгейін көрсететін жарықдиодты индикаторлармен жабдықталған.
Сырт көзге үйреншікті литий-ионды қуат көздерінен айырмашылығы байқалмайтын бұл құрылғының ішкі мүмкіндіктері әлдеқайда ауқымды. Натрий-ионды батареялар 13 жылға жуық қызмет ете алады, себебі олар 5000 ретке дейін қайта қуаттауға төзімді. Ал бұл көрсеткіш литий-ионды баламаларда 500–1000 циклмен шектеледі. Сонымен қатар, натрий негізіндегі аккумуляторлар температураның -34°C-тан +50°C-қа дейінгі ауытқуына төтеп береді, отқа қауіптілігі төмен және толық қуатсыз күйде де қауіпсіз тасымалданады.
Ең бастысы – натрийдің өзі. Ол Жер қабатында да, теңіз тұзында да молынан кездеседі. Сондықтан оның өндірісі әлдеқайда жеңіл әрі экологияға зияны аз.
Жаңа құрылғының салмағы – 350 грамм, құны – 67 доллар шамасында. Мәселен, Anker компаниясының 10 000 мА·сағ литий-ионды пауэрбанкі небәрі 24 доллар тұрады, салмағы – 244 грамм. Осы айырмашылыққа қарамастан, натрий-ионды батареялар мобильді техникада кеңінен қолданылмаса да, оларды стационарлы нысандарда – мысалы, резервтік қуат көзі ретінде – тиімді пайдалану мүмкіндігі жоғары.
Elecom-ның бұл қадамы – энергия сақтау технологиясындағы жаңа бағыттың бастамасы іспетті. Уақыт өте келе бұл салада да баламалы шешімдерге сұраныс арта түспек.
Дереккөз:Elecom