Қазақстанда автопилот режимінде қозғалатын көліктердің жұмысы қалай реттелетіні жөнінде Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауап берді.
Бұған дейін депутаттар әлемде сатылып жатқан электр көліктердің басым бөлігі автопилот жүйесімен жабдықталғанын айтып, бұл жол қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін ескерткен еді.
Алайда Роман Скляр Қазақстанның бұл мәселеге қатысты ұстанымы өзгеше екенін атап өтті.
«Қазақстан БҰҰ-ның жол қозғалысы туралы конвенциясын ратификациялаған. Осы құжатқа сәйкес, кез келген қозғалыстағы көлік құралының рөлінде жүргізуші отыруы тиіс. Яғни автопилот іске қосылған жағдайда да көлікті басқару мүмкіндігі жүргізушінің қолында болуы қажет. Бұл толықтай адам қатысуынсыз жүретін автономды көліктерге рұқсат берілмейтінін білдіреді», – деді ол.
Сондай-ақ, оның айтуынша, автопилот жұмыс істеп тұрған кезде жол ережесінің бұзылуы немесе қандай да бір оқыс оқиға орын алса, оның толық жауапкершілігі көлік иесіне жүктеледі.
Сонымен қатар, елімізде электр көліктеріне арналған қуаттау жүйелерін көлік инфрақұрылымына интеграциялау – басты міндеттердің бірі. Бұл шара жүргізушілерге қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталады.
Айта кетейік, депутаттардың мәліметінше, бүгінде әлемде сатылып жатқан әрбір бесінші көлік – электромобиль.