Apple компаниясы Siri дауыстық көмекшісін жаңартуды 2026 жылға қалдырды. Бұл өзгеріске жасанды интеллект технологияларын енгізу кезінде туындаған қиындықтар себеп болған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі 8 наурызда өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Компания өткен жылдың маусымында Siri-дің жеке деректерді пайдаланып, пайдаланушы сұраныстарына нақтырақ жауап беру және қолданбаларды дәлірек басқару мүмкіндігіне ие болатынын мәлімдеген еді. Алайда бұл жаңартулар енді тек келесі жылы ғана іске қосылады.
Apple-дың бағдарламалық қамтамасыз ету бөлімінің вице-президенті Крейг Федериги тестілеу барысында жаңа функциялардың ойдағыдай жұмыс істемейтініне алаңдаушылық білдірген.
Келесі жылы бұл жаңартудың бастапқы негізі ғана дайын болады деп күтілуде. Ал толық жетілдірілген Siri нұсқасы 2027 жылдан ерте шықпайды.