Home Стартаптар Сингапурлық стартап қағаз батарея ойлап тапты

Сингапурлық стартап қағаз батарея ойлап тапты

35

Сингапурлық Flint стартабы жаңа буын батареясының технологиясын ұсынды. Оның негізгі материалы – целлюлоза, яғни батареяның аноды мен катоды осы табиғи шикізаттан жасалған. Бұл жаңалықтың басты ерекшелігі – металдардың, әсіресе литий мен кобальттың орнына қолжетімді әрі арзан мырыш пен марганецтің қолданылуы.

Жоба қоршаған ортаға зиянын азайту мақсатында жасалды. Целлюлозаның артықшылығы – оны алу оңай, әрі табиғи жағдайда тез ыдырайды. Сондай-ақ, материал икемді болғандықтан, кез келген пішінде жасауға мүмкіндік береді.

Сынақтар көрсеткендей, қағаз батареяның энергия тығыздығы 226 Вт/кг-ға дейін жетеді, ал қызмет ету мерзімі бірнеше жылға созылады. Өндіріс ауқымы артқан сайын, оның өзіндік құны литий-ионды баламалардан екі есе арзан болмақ. Барлық негізгі технологиялар патенттелген.

Жаңа батареяның өндірістік өзіндік құны 1 кВт⋅сағ үшін 50 доллар шамасында бағалануда. Сонымен қатар, бұл құрылым қазіргі аккумуляторларға тән қауіптерден – өздігінен тұтану, жарылу, қатты қызып кету және улы газдардың бөлінуінен қорғалған. Flint стартабы өткен жылы 2 миллион доллар инвестиция тартып, 2025 жылы коммерциялық өндірісті бастауды жоспарлап отыр.