Home Технологиялар Ғаламтор және желі Бағдарламашылар эмодзилер арқылы жасырын ақпарат жеткізудің жаңа әдісін тапты

Бағдарламашылар эмодзилер арқылы жасырын ақпарат жеткізудің жаңа әдісін тапты

12

Инженер-программист Пол Батлер Unicode жүйесін зерттеп, құпия деректерді жасырудың жаңа тәсілін ұсынды. Бұл әдіс эмодзилерді пайдалануға негізделген. Әдетте, олар кез келген хабарламада қарапайым белгішелер болып көрінеді, бірақ Батлер әзірлеген арнайы декодер арқылы қарағанда, олардың ішінде жасырылған ақпарат барын анықтауға болады.

Unicode жүйесіндегі бұл осалдық «вариация селекторларын» (VS-1 – VS-256) қолдану нәтижесінде пайда болған. Жүйе оларды жеке таңба ретінде қабылдамағандықтан, экранда көрсетпейді. Алайда бұл селекторларды эмодзилермен байланыстыру арқылы көзге көрінбейтін мәліметтерді енгізуге болады.

Нәтижесінде, қарапайым эмодзилердің астарында адам көзі байқай алмайтын ақпарат сақталады. Мұндай деректерді әдеттегі тексеру жүйелері де анықтай алмайды, сондықтан олар сүзгіден еркін өтеді. Әр селектор бір байт дерек сақтай алады, ал бірнешеуін біріктіру арқылы үлкен көлемдегі ақпаратты жасыруға мүмкіндік туады.

Бұл әдіс, мысалы, хабарламаларға сутаңбалар орнатып, олардың көмегімен хат алмасу тарихын бақылауға жол ашады. Осылайша, белгілі бір ұйымның құпиялылық саясатын айналып өтуге болады.

Батлердің зерттеуінше, ірі жасанды интеллект жүйелері мұндай жасырын деректерді анықтап, оларды ашуға қабілетті. Дегенмен, қарапайым қолданушылар үшін бұған белгілі бір шектеулер бар: жүйені дұрыс пайдалану үшін арнайы сұраныстар (промпттар) құрастыру қажет. Осыны ескерген Батлер ақпаратты жасыру және анықтау процесін жеңілдететін арнайы құрал әзірлеп, оны ашық қолдануға ұсынды. Енді кез келген адам эмодзилердің астарында не жасырылғанын тексеріп, тіпті өз хабарламаларын кодтай алады.