Home Техника Автокөліктер Автокөлік түтінінен – электр қуатына: ғалымдар жаңа құрылғы ойлап тапты

Автокөлік түтінінен – электр қуатына: ғалымдар жаңа құрылғы ойлап тапты

17

Америкалық химия қоғамының журналында автокөліктің пайдаланылған газдарынан электр қуатын өндіруге мүмкіндік беретін жаңа термогенератордың зерттеу нәтижелері жарияланды. Құрылғы теллурид висмут негізіндегі жартылай өткізгіштерге сүйенеді және іштен жанатын қозғалтқыштардың (ІЖҚ) ыстық газдарын электр энергиясына айналдыруға көмектеседі.

Ғалымдар бұл құрылғыны қозғалтқыштың артық жылуын тиімді пайдалану үшін әзірледі. Қазіргі іштен жанатын қозғалтқыштар жұмыс кезінде бөлінетін жылудың көп бөлігін сыртқа шығарып, энергияны зая кетіреді. Ал жаңа технологияның көмегімен бұл энергия электр қуатына айналып, көліктің өзіне де, басқа жүйелерге де пайдалы болуы мүмкін. Алғашқы сынақтар құрылғының 40 Ватт энергия өндіре алатынын көрсетті, алайда бұл тек бастамасы.

ІЖҚ-дан шыққан газдарды электр энергиясына айналдырудағы басты қиындық – қозғалтқыштың күрделі құрылымы. Оған үлкен немесе ауыр қондырғыларды орнату мүмкін емес, себебі бұл жүйенің тиімділігін төмендетіп, отын шығынын арттырады. Ал жаңа термогенераторда қозғалмалы бөлшектер жоқ. Ол екі пластинадан тұрады: бірі ыстық, екіншісі суық. Температура айырмашылығы электр тогының пайда болуына ықпал етеді.

Дегенмен бұл құрылғының да өз кемшіліктері бар. Оның тиімді жұмыс істеуі үшін салқындату жүйесі қажет. Ғалымдар бұл мәселені шешу үшін цилиндр тәрізді радиатор әзірледі. Ол пайдаланылған газ құбырына орнатылады және ауа ағыны арқылы салқындатылады. Көлік қозғалған сайын ауа жылдамдығы артып, құрылғының тиімділігі күшейе түседі.

Жүргізілген жұмыстар нәтижелері көрсеткендей, бұл жүйе жеңіл автокөліктер үшін 56 Ватт, ал тікұшақтар үшін 146 Ватт энергия өндіре алады. Алайда әзірге қозғалыссыз тұрған көліктер немесе қала жағдайында баяу қозғалатын техникалар үшін бұл технологияның қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Сонымен қатар, құрылғы өндірісіне кететін шығындар мен оның коммерциялық қолжетімділігі де алдағы зерттеулерді талап етеді.

Ғалымдар болашақта бұл технологияны жетілдіріп, өнеркәсіпте, қала көлігінде және басқа да салаларда пайдалануға болатын тиімді шешім ұсынуға ниетті.