Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан түркі мемлекеттерімен бірге жерсерік жасамақ

Қазақстан түркі мемлекеттерімен бірге жерсерік жасамақ

35

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен бірлесіп, Жерді қашықтан зерттейтін (ЖҚЗ) жерсерік жасауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.

Қазір мамандар ортақ ЖҚЗ жерсерігін құру мәселесін қарастырып жатыр. Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Жоба экологиялық өзгерістер мен табиғи құбылыстарды ғарыштық технологиялар арқылы бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Қазақстан Конго Республикасына арналған жерсерік жасауды қолға алған. Тиісті келісім биыл ақпанда бекітілген.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Моңғолия KazEOSat-MR халықаралық спутниктік тобына кіретін ғарыш аппаратын әзірлеу және жеткізу бойынша ынтымақтастық орнатады. Жобаға 18 миллиард теңге бөлініп, ол табиғи ресурстар мен экологиялық өзгерістерді бақылауға қажетті деректерді қамтамасыз етуді көздейді.

Ауыл шаруашылығында спутниктік суреттер кеңінен қолданылады. Орташа ажыратымдылықтағы ғарыштық түсірілімдер саланы тиімді басқаруға көмектеседі. Жаңа жерсеріктердің іске қосылуы бұл салада 46,5 миллиард теңге көлемінде экономикалық өсімге әкелуі мүмкін.

Қазақстан бұл саладағы технологияларын шетелге экспорттауды да жоспарлап отыр. Министрліктің мәліметінше, бұл қадам елдің ғарыштық индустриядағы орнын нығайтып, халықаралық нарықтағы ықпалын арттырумен қатар, инвестиция тартуға жол ашады.